Өнер • 01 Қараша, 2018

709 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүйсенбіде Алматыдағы Қабылдау үйінде «Ғылым және өнер коды» республикалық байқауы мәреге жетті. Мүсіншілердің шығармашылық мүддесін оятқан жарыста 41 бірдей жоба жартылай финалға өтті.

24 тамызда Ә.Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер мұ­ра­жайының филиалы – Ор­талық көрме залында сол эскиздер мен макеттердің көрмесі ұйым­дастырылды. Мүсін эскиз­дері мен макеттерінің басым көпшілігі Алматы, Астана және Өскемен қалаларынан қатысты.

Сонымен байқаудың бас жүлдесін Алматыдан қатысқан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлек­тері мүсіншілер Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев, Қанат Бе­гулиев, Әлімжан Тоқ­баевтар шы­ғармашылық квар­теті жеңіп алды. Бұл жігіттердің жұмысы «Бо­лашаққа көзқарас» деп аталады.

Жеңіске жеткен жігіттердің бірлесіп еңбек еткеніне бірнеше жыл ғана болған және бұған дейін Алматы қаласында 31 мамырда ашаршылық құрбан­дарына қойылған ескерткіштің байқауында бас жүлдеге ие болған. Қазір ол ескерткіш те Қабанбай батыр мен Наурыз­бай батыр көшелерінің қиылы­сындағы қарағайлы бақта тұр. Сол сияқты таңдаудан өт­кен тағы бірнеше туындылары Алматы, Талдықорған, Жаңа­өзен қалаларында тұр.

Біріккен төрт талант модерн стилінде орындалған мүсін­ге әр қырынан келген. Мә­се­лен, Дулат Үсенбаев кескін­де­ме­ші болса, қалғандары скуль­п­­тура, интерьерлік дизай­нерлік тұрғыда мүсінге өз қолтаң­ба­ларын кіріктірген.

– Бұл байқау бізге шабыт пен материалдық игілік алып келеді. Бізге байқаудың ұйымдастырылу деңгейі ұнады. Жарты жыл бұрын жарияланды. Бәсеке барысында оның бүкіл жай-жапсары хабарланып тұрды. Атақты және мық­ты мүсіншілермен қатар бақ сынадық. Барлық жұмыстар мен олардың тұжырымдамаларын көріп отырдық, – дейді кес­кіндемеші Дулат Үсенбаев. 

Сонымен Polpharma тобы Бақылау кеңесінің хатшысы, «Starak Family Foundation» қорының президенті Эльжбета Джиковска «Болашаққа көз­қарас» мүсіні Қазақстан Прези­денті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы кезінде 2019 жылдың маусымында Шымкенттегі SANTO ком­паниясының зауытына қо­йы­лып, салтанатты түрде ашылады деді.

Бұл туындының айтар ойы төмендегідей: Адамның басы – ғылыми-техникалық өрлеу мен өнердің қозғалтқышы. Ол болашаққа көз салады, барлық жаңаны қабылдауға дайын. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ