Аймақтар • 01 Қараша, 2018

Жаңақорған ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құт қонған Сыр өңірі қоңыр күздің ырыздығын жинап болуға айналды. Жаңақорған ауданы да өзінің 90 жылдық мерейтойын лайықты атап өтті.

Жаңақорған ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

Аудан әкімі Ғалым Әміреев: «Биыл Жаңақорған ауданы үшін берекелі, мерекелі жыл болды. Қамба күміс дәнге толып, көңіл марқайды. Мал азығы да молынан жиналды. Жалпы биыл 37024 гектарға егіс егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 106,0 пайызға артты. Аудан бойынша егілген күздік және жаздық бидай, арпа дақылдарын жинау жұмыстарын жүргізіп, егілген күздік бидайдың әр гектарынан 21,6 центнерден 5845 тонна, жаздық бидайдың әр гектарынан 18,3 центнерден 326 тонна, және арпа дақылының әр гектарынан 15 центнерден 190,5 тонна өнім алынды.

Сондай-ақ, биылғы егілген 7700 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден 38,5 мың тонна өнім алынып, өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан 1,4 центнерге жоғары өнім алуға қол жеткізілді. Оған қоса, биыл ауданнан 1665 тонна бақша өнімдері алыс-жақын шетелге экспортталды. Түптеп келгенде, мұның барлығы да дала еңбеккерлерінің ертелі-кеш еткен маңдай терінің жемісі деп білеміз, – деді.

Аудан мерейтойында өз салалары бойынша үздік шыққан диқандар мен шаруалар марапатталды.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ