Әлем • 05 Қараша, 2018

Шығыс Азиядағы жылымық

571 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде халықаралық қоғамдастықтың қыры­на іліккен санаулы мемлекет бар. Солар­­дың бірі – Солтүстік Корея осыдан аз ғана уақыт бұрын ядролық қаруымен сес көрсе­тіп, әлемді алаңдатып отырған елдердің қатарында еді. 

1910 жылдан бастап әуелі – Жапонияның, мұнан соң КСРО мен АҚШ-тың қанатының астында болған елде 1948 жылы екі жүйенің ықпалымен құрылған бір-біріне кереғар қос мемлекет – Оңтүстік және Солтүстік Кореяның даму жолдары бөлек қалыптас­ты. Ашықтық пен экон­о­микалық дамуға, ғылым мен техникаға ден қойған Оңтүстік Корея бүгінде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналса, Солтүстік Корея ядролық қаруды қалқан етіп, әлемдік даму көшінен оқ­шаулана түсті. Тек былтыр ғана Корей тү­бе­гінде жылымықтың лебі сезі­ліп, КХДР-дың беті бері қарағандай болды. 

Шығыс Азиядағы жылымық

Бейбіт ел озады

Қалай дегенде де, соғыстан, қақты­ғыс­тардан запы болған әлемдік қоғам­дастық үшін ядролық немесе жаппай қырып-жоятын қаруы бар мемлекеттің сүйкімі жоқ. Сондықтан да, қос Корея арасындағы қазіргі жылымық жағдай талқыланып жатқан жоғарғы мін­берлерде әлемдік қоғам­дастық Со­л­түс­тік Корея басшылығына әлем­дегі төртінші ядролық арсеналдан өз ер­кі­мен бас тартқан Қазақстанды үлгі етіп, жеткен жетістіктерін мысал етуде. 

Елбасы биылғы Жолдауында сыртқы саясат мәселелеріне арнайы бір тарау арнап былай деді: «Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр». Демек, 27 жыл бойы ұстанған өзгелермен достық, стратегиялық серіктестік, тең дәрежелі әріптестік, еліміздің табысты жаңғыруын қамта­масыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясат жалғаса бермек.

Бірер мысал. Корей Республи­касы­ның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чу-Хён жуырда Астанада өткен жиындардың бірінде: «Қазақстан тәуелсіздік алысымен ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, экономикасын дамытуға кірісіп кетті. Дәл осы тұста ядролық қаруға иелік етіп келген Қазақстан мен Солтүстік Кореядағы ахуал адам танымастай өзгере бастады. Қазақстан ашық азаматтық қоғамға таңдау жасап, экономикаға ден қойып, жас мемлекет қарыштап дами бастады. Осы уақыт аралығында Қазақстан өркендеу жолына түсті, ал ядролық қаруын жамбасына басқан Солтүстік Корей әлемнен оқшауланып, ядролық қаруға маңыз беріп, экономикалық дамуы тежеліп қалды», деген еді. Бұл жалғыз елшінің емес, әлемдік қоғамдастықтың пікірі десек, артық айтқандық болмас. 

Қос Корея қашан бірігеді?

Бұл туралы дәл қазір тап басып айту қиын. Сондықтан да Солтүстік Корея­ның Оңтүстік Корея мен АҚШ-пен қарым-қатынастары туралы түрлі пікір­лер желдей есіп тұр. Бірақ, Оң­түс­­тік Корея тарапы жағдайдың тұ­рақ­ты және бақылауда екендігін айтуда. Екі арада сенім де қалыптаса баст­ағандай. 
Жалпы, Солтүстік Корея мен АҚШ-тың денуклеаризация, яғни ядро­лық қарудан тазарған аймақ құру жайындағы келіссөздері оңайға соға­тын, жеңіл процесс еместігі анық. Кей­бір сарапшылар қос мем­лекет­­ті біріктіруде Германияны мысал қыла­ды. Дегенмен, Кореядағы жағдай­ды Гер­манияның біртұтас мемлекетке айналуы­мен салыстыруға келмейді. Өйт­кені қос Германия бір-біріне оқ атпа­ған болатын. Ал Корей түбегі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін оңтүстік пен солтүстікке бөлініп, мұнда талай кескілескен шайқастар болғаны белгілі. Соның салдарынан енді біртұтас ұлтқа айналу оңайға соқпай отыр. Бірақ биыл қос Корея арасындағы келіссөздердің жандануы халықаралық қауымдастықты түбекке үмітпен қарауға итермелеуде. Әсіресе, АҚШ пен Солтүстік Корея ара­сын­дағы маусым айындағы саммит, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы қыркүйек айындағы саммит жағымды жаңалықтардың жаршысына айналды. Мұндай қарым-қатынас аймақтағы, ғаламдағы бейбіт­шілік пен қауіпсіздіктің сақталуына өлшеусіз үлес қосып отырған біздің мүддемізге де сай келіп отыр. 

Қазақстан Сыртқы істер министр­лігі Азия және Африка департа­ментінің директоры Айдарбек Тұматовтың пікірінше, аймақтағы бейбітшілікті қалыптастыруға Оңтүс­тік Корея өлшеусіз еңбек сіңіруде. 

– Қазақстан тарапы Корей түбе­гінде уақыт пен техникалық талап­тар сақтала отырып толық қарусыз­дану үдерісінің жүруіне, шиеленістің бейбіт жолмен шешілуіне мүдделі. Қазір мүмкіндіктер терезесі ашылды. Біздің еліміз бейбіт процестерге қолұшын беруге қашанда дайын. Қарусыздануға, бейбітшілікті қалыптастыруға байланысты тәжірибеміз де жеткілікті. Оның үстіне әлемдік қоғамдастық Қазақстанның қарусыздану үлгісін мойындады. Оған қоса шетелдік саясаткерлер де Корей аймағына Қазақстанның үлгісін ұсынуда. Ядро­лық қарудан бас тарту біздің елімізге әлемдік қоғамдастықпен арадағы интеграцияларға оң әсерін тигізді. Ал Кореядағы мәселе күш қолдану арқылы емес, диалогтар есебінен шешілуі тиіс, – дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.  

Сайып келгенде, қазір денуклеаризация – түбектегі басты тақырып. Осы орайда, жоғарыда аталған Корея Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чу-Хённің айтуынша, КХДР ядролық қарудан құтылған бойда екі мемлекет етене жақындаса түспек. Ал АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы келесі саммит Америка­дағы алдағы жылға жоспарланған президент сайлауынан соң өтпек.  

Елдестірмек – елшіден

Әрине, Корей түбегіндегі жағдай­ды тек құрлықтың немесе жекелеген аймақтың жан жарасы, проблемасы деп айтуға болмас. Әлемдегі қырғи-қабақ соғыс, жанталаса қарулану шаралары адамзатқа ешқашан опа әкел­ген жоқ. Санкциялардың шырмауында қалған Солтүстік Корея да әлеммен арпалысудың жөнсіздігін ұға бастаған кейіп танытуда. Бірақ КХДР-дың алдында бейбітсүйгіштіктің жарқын үлгісі мен нақты ұсыныстар бар. 

Мәселен, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Король­дігі­нің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффорд: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ядролық қарудан бас тарту туралы ұсынысын әлем құптады. Бұл – бейбітсүйгіштік саясаттың жарқын үлгісі. Қазақстан тәуелсіздік алған сәт­тен бастап сыртқы әлемге ашық­тықт­ы, нарықтық экономиканы таң­дады. Ал Корей түбегіндегі ахуал енді қос мемлекетке байланысты», дейді. Елші бұл пікірін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған халықаралық семинарда жеткізді. 

Жалпы, жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның төрағалығымен өткен «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: КХДР» деп аталған жоғары деңгейдегі отырысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбді­ра­х­манов ядролық қарусыздану кезең­ділікті, шыдамдылықты, келі­сім­ді және барлық мүдделі тарап­тар­дың адал ниетін талап етеді және Қазақ­стан оны өз тәжірибесінен біледі деп атап өткен еді. Сонымен қатар Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың бастамасы­мен ядролық қарусыз жолды таң­дау­дың арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың сенімді серіктесіне айналғандығын, инвестиция тартып, экономикалық дамуды қамтамасыз еткендігін атап айтқан болатын.

Шынтуайтына келгенде, қазір қос Корея ажырап қалған туыстарды бірік­тіру, темір жол желілерін тұтас­тыру, алдағы жазға Олимпиада ойын­дарын бірлесе өткізу мәселелерін қарас­тыруда. Бұл – нағыз бірліктің бастауы болмақ. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»