Саясат • 05 Қараша, 2018

Бейбітшілік пен келісімді көздейтін келелі басқосу

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Астанада ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында 15 мәселе қаралып, оның ішінде ядролық апат пен радиациялық жағдайға дайын болу, оның салдарын жою, жоғары технологиялы энергетикалық қондырғылар өндірісі, ғарыш кеңістігін зерттеу, мемлекеттер арасында электронды ақпарат алмасу сынды тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбіді. 

Бейбітшілік пен келісімді көздейтін келелі басқосу

ТМД елдері Үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы дәстүрлі түрде шағын және ке­ңей­тілген құрамда өтті. Оты­рыс­қа Қазақстан Премьер-Ми­нистрі Б.Сағынтаев, Ресей Феде­рациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медведев, Әзербайжан Пре­мьер-Министрі Н.Мамедов, Беларусь Премьер-Министрі С.Ру­мас, Қырғызстан Премьер-Ми­нистрі М.Абылгазиев, Тәжік­стан Премьер-Министрі К.Ра­сул­зада, Өзбекстан Премьер-Ми­нистрі А.Арипов, Армения­ның Бірінші Вице-премьері А.Мир­зоян, Түрікменстан Министрлер ка­бинеті төрағасының орынбасары Г.Мурадов, Беларусьтегі Молдова елшісі, ТМД жа­нын­дағы Тұрақты уәкілетті өкіл В.Сорочан, ТМД Атқарушы ко­ми­тетінің төрағасы С.Лебедев қатысты.

Кеңейтілген құрамдағы оты­рыс­ты ашқан Б.Сағынтаев: «Біз­дің жұмысымыздың қоры­тындысы Достастық аясында елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі тереңдетіп, кеңейте түсуге септігін тигізеді деп сенемін», деді. Осыдан кейін Қазақстанның Үкімет басшысы сөзді Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзадаға берді. Ол ең алдымен ТМД ел­дері Үкімет басшылары кеңе­сінің табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдай жасап, қонақжайлылық танытқан Қазақстан Үкіметіне, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта Достастыққа төрағалық ететін түрікмен әріптесін құт­тық­тап, белгіленген түбегейлі мақ­саттарға қол жеткізу жолында табыс тіледі.

– Еркін сауда туралы келі­­сім жобасын дайындау жұмыс­тары­ның аяқталуына ерекше на­зар аударылып отыр. Бұған қоса, осыған дейінгі жетіс­тік­терді бекітуіміз де қажет. Бұл достастықтың еркін сауда аймағы туралы шартында белгіленген басымдықтарға қол жеткізуге және тауар айналы­мын арттыруға септігін тигі­зеді. Сауда және басқа да ке­дергілерді алып тастау, проце­дураларды жеңілдету, жаңа технологияларды енгізу бо­йынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет. Көлік-коммуникация салаларын дамыту да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда ең алдымен көлік пен ин­фрақұрылымды дамыту, елдеріміздің аумағында тауарлар мен қызметтердің кедергісіз тасы­малын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қажет. ТМД өңірінің транзиттік әлеуетін то­лықтай пайдаланған жөн, – деді Кохир Расулзада.

ТМД-ға мүше-мемлекеттер арасындағы тауар айналым көлемі былтыр 25 пайызға артып, 164 миллиард долларға жет­ті. ТМД-ға мүше 11 ел арасын­да 2011 жылдан бері ортақ келісім бар. 

Үкімет басшыларының кез­де­суінде талқыланған экономика, әлеуметтік салалардағы мәсе­лелер, оның ішінде ядролық және радиациялық апаттың алдын алуға арналған құжатты ерекше атап өтуге болады. Яғни, Үкімет басшылары ТМД ел­дерінің  аумағында  күтпеген жер­ден ядролық апат болған жағ­дайда қандай шара қабылдау керектігін назарға алды. Тәжік­стан Премьер-Министрі Кохир Расулзада:

– Ядролық апат бола қалған жағдайда  немесе радиациялық апатта бір-бірімізге көмек көр­сету туралы құжатқа қол қой­дық. Қарым-қатынасты жақ­сар­туға бағытталған өзге де келі­сім­дер бар. Алдағы екі жылда гуманитарлық байланысты да дамытамыз  деп уағдаластық, – деді. 
«Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары Николай Спасский ТМД елдерінде ядролық апат кезінде хабарландырудың бір­ың­ғай жүйесі енгізілетінін жеткізді. 

̶ Достастық елдерінде атом энергия блоктары, ядролық зерттеу қондырғылары жұмыс істейді және салынып та жатыр. Уран өндіріліп, атом стансалары үшін отын шығарылады, радиоактивті көздер де кеңінен пайдаланылады. Ядролық материалдар, радиоактивті көздер Достастық мемлекеттерінің шекарасы арқылы тұрақты түрде өтіп тұрады. Бірақ бүгінде Дос­тастық кеңістігінде апаттық әрекет етудің бірыңғай жүйесі жоқ. Бұл дұрыс емес», деді ол. Оның айтуынша, Достастық ке­ңістігінде мұндай апаттық әре­кет етудің бірыңғай жүйесі аса қажет. Оның бірнеше себебі де бар.

̶ Біріншіден, атом энергия­сын пайдаланудың қолда бар ауқымы мен бұл саладағы ынтымақтастықты ескерер болсақ, онда мұндай жүйе шынымен де аса қажет. Екіншіден, мұндай жүйенің болуы ядролық апат орын алған жағдайда жедел хабарлау және көмек көрсету туралы халықаралық конвенциядан туындап отыр», деді Н.Спасский. «Росатом» өкілі ядролық апат жағдайында немесе радиациялық апатты жағдай орын алған сәтке дайындықты қам­тамасыз ету және оның салдарын жою барысында өзара көмек көрсету бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылы  туралы келісімнің жаңа мазмұнына тоқталды. Онда ТМД-ға мүше елдерден арнайы өкілет анықталады. Сонымен қатар МАГАТЭ ұсынысы негі­зінде хабарландырудың бірың­ғай формасы әзірленеді. Ең бас­тысы, келісімде қатысушы ел­дердің бірінде ядролық немесе радиациялық апатты жағ­дай кезінде көмек қажет болған­да іс-әрекеттің бірыңғай алго­ри­тмі жан-жақты жазылады. Өтінім жіберіліп, жедел ре­жімде көмек көрсететін топ жасақ­талады. Олар арнайы техни­камен және құрал-жаб­дық­пен жабдықталады. Көмек сұрау­шы тарап аталған топтың басым­дықпен кіруін қамтамасыз етеді. 

– Ресей тәжірибесіне сәйкес, егер барлық процедураны алдын ала нақты әзірлеп қойсақ, онда мұндай топ өтінім түскеннен кейін нысанда 24 сағатта, тіпті одан да ертерек бола алады», деді «Росатом» өкілі.

ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің отырысынан ке­йінгі брифингте ТМД-ның ат­қарушы хатшысы Сергей Ле­бедев Қазақстан Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығының сақ­талуына елеулі үлес қосқан­дығын жеткізді. 

– Астанада ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесі оты­рысының өтуі тағы да Қазақстан тарапы ірі шараларды ұйымдастыруда өте қолай­лы әрі берекелі алаң екенін дәлелдеді. Бір апта бұрын Алматы қаласында ТМД-ға мүше-мемлекеттердің қауіп­сіз­дік органдары мен арнау­лы қызметтері басшылары кеңесінің 45-отырысы өткен болатын. Атап айтқанда, биыл Қазақстан төраға болмаса да, ұйымның жұмысын жандандыруда белсенділік танытып отыр. Астанадағы талқылау алаңында тиісті құжаттарға қол қойылып, жемісті келіссөздер жүргізілді, – деді ол. Сонымен қатар Сергей Лебедев  8 қарашада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтетінін, ал 9 қарашада Қазақ­стан мен Ресейдің аймақ­ара­лық ынтымақтастық форумы (Петропавл қаласында) ұйым­дас­тырылатынын еске салды.

«Осы фактілердің барлығы Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сақталуы мен нығаюына ұйытқы болып отыр­ғанын білдіреді», деді С.Лебедев.

Ал ТМД елдерінің Үкімет бас­шылары кеңесіне келесі жы­лы Түрікменстан төрағалық етеді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»