Қазақстан • 05 Қараша, 2018

Әлем чемпионатына қатысатын боксшылар белгілі болды

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 15-24 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетіні белгілі. 10 мәрте жалауы желбірейтін айтулы жарыста Қазақстан құрамасы да бақ сынайды.

Әлем чемпионатына қатысатын боксшылар белгілі болды

Ұлттық командамыздың бас бапкері Вадим Присяжнюк Үндістанның астанасында мына былғары қолғап шеберлеріне сенім артып отыр: 48 кило – Әйгерім Қасенаева, 51 кило – Жайна Шекербекова, 54 кило – Дина Жоламан, 57 кило – Назым Ищанова, 60 кило – Карина Ибрагимова, 64 кило – Милана Сафронова, 75 кило – Аида Оңдаш, 81 кило – Фариза Шолтай және +81 кило Ләззат Күнгейбаева.

Еліміздің ең үздік боксшылары арасынан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова жарақатына байланысты бұл жарыстан шет қалды. Азия ойындарынан кейін ұлттық құрама бапкерлері әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбайға демалыс беруді жөн көрген екен. Сол секілді Жакартадағы жарысқа қатысқан Сәния Сұлтанқызы мен Римма Волосенко да Нью-Делидегі додаға бармайды.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдындағы әлем чемпионаты 2016 жылы Астанада өткен болатын. Сол жарыста 4 алтын және 2 қола медальді олжалаған Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Қытай (2 алтын+2 күміс+2 қола) мен АҚШ-тың (1 алтын+1күміс+3 қола) арулары еншіледі.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар