Аймақтар • 05 Қараша, 2018

Атырау - руханият ордасы

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау дегенде әдетте мұнай мен балық алдымен еске түседі. Қазыналы өлкеде өнердің де бәсі биік. Биыл мәдениет саласына жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді.

Атырау - руханият ордасы

Мәдениет ұйымдарына автокөліктер алынды, шығармашылық ұжымдардың сахналық киімдері мен музыкалық аспаптары жаңартылды. Атап өтер жаңалықтың бірі – Сарайшық қалашығын Жайық өзенінің арнасы шайып кетуінен сақтап қалу мақсатында жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Атырау қаласы мен Махамбет ауданында екі мәдениет үйі салынды. Қазір өңірде 8 мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабырдың айтуынша, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймақта 193 іс-шара іске асқан. «Қасиетті Қазақстан» картасына Атыраудан 7 нысан енді. Биыл Махамбет ауданында Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш тұрғызылды. Енді облыс орталығында Әбу Сәрсенбаев, Қаршыға Ахмедияров, Хамит Ерғалиевтердің еңселі ескерткіштері бой көтереді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі ғимараты толыққанды жұмыс жүргізуге тар болып тұр, сондықтан жаңа ғимараттың тиісті құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік архив те алдағы жылдары жаңа орынға көшеді. Ендігі мәселе-Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне ғимарат керек, қазір осы жайт жергілікті атқарушы биліктің назарында. Сондай-ақ, 800 орындық концерт залының құжаттары дайындалды. Өнер, әдебиет саласының өкілдеріне арналған шығармашылық орталық та алдағы жылдары бой көтереді.

Өңірдегі шығармашылық ұжымдар Үндістан, Македония, Португалия, Түркия, Ресей, Венгрия, Сербия, Франция мемлекеттеріне гастрольдік сапарға барды. Талантты жастардың талаптарына қолдау көрсетіліп келеді, соның нәтижесінде республикалық, халықаралық байқауларға қатысқан 14 өнерпаз бас жүлдені, 30-ға жуығы жүлделі орындарды жеңіп алды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ