06 Қараша, 2018

Жаңғырған зауыт – дамудың жаңа белесі

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Маker» ЖШС – Қарағанды құю-машина жасау зауытын (ҚҚМЗ) жаңғырту жұмыстары жылдың соңына таман тәмамдалмақ. «Биыл біз жаңғырту жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрал-жабдықтарды өткен жылдың аяғында жеткізіп алдық. Қазір бұлар орнатылған және жұмыс істеп тұр. Енді қызметкерлерді даярлау мен номенклатуралық өнімдерді игеру ғана қалды», деп мәлімдеді ҚҚМЗ басшылары.

Жаңғырған зауыт –  дамудың жаңа белесі

Қарағанды құю-машина жасау зауыты облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Мұнда негізінен тау-кен және шахта құрылғыларын жасап шығарады. Сонымен қатар зауыт «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорнын қосалқы бөлшектермен және машина жасау бағытындағы жабдықтармен қамтамасыз етеді. 

Зауытты жаңғырту 2014 жы­лы «Өнімділік-2020» мем­ле­кет­тік бағдарламасы бойынша қол­ға алынған болатын. Соның нәтижесінде кешенді жоспарды әзірлеуге кеткен шығынды жа­буға қажетті 7,9 млн теңге қаржы және несие алынды. Жабдықты ауыстыруға кеткен қаражаттың негізгі бөлігін «БРК-Лизинг» ком­паниясы ұсынды. Ал зауытты қайта жарақтандыруға арналған қалған 61,5 млн доллардың 15 пайызын «Қазақмыс» корпорациясы бөлді.

Құйылған инвестицияның арқасында ҚҚМЗ сандық бағдар­ламалық басқару жүйесі бар, дәлдігі жоғары заманауи ондаған станок сатып алынды. Чехия жә­не Корея мемлекеттерінен әке­лінген бұл станоктар тау-кен жұмыстарында пайдаланылатын техникалар мен жабдықтарға қа­жетті 4,5 мыңға жуық бөл­шектер шығаруға мүмкіндік береді.

Жалпы кәсіпорынның қа­рапайым құйма өнімдерінен бастап машина жасап шығару­ға дейін жететін әлеуеті бар. Оның өнімдерінің қата­рын­да скиптер, крандар, жер асты автобусы, вагонеткалар, флотациялық машиналар, конвейер желісі және басқа да көптеген бөлшектерді айтуға болады. 

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде зауытқа 12 млрд тең­генің 287 бірлік негізгі, қосым­ша және өлшеуіш жабдықтары жет­­кізіліп, іске қосылған. Екі жылдың ішінде өнім шы­ғару 3,1 млрд теңгеден 6,6 млрд теңгеге дейін өскен. Ал жыл­дың соңына дейін кәсіпорын өнім көлемін 8,9 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отыр.

«Біздің мақсат, – дейді зауыт басшылары, – 2019 жылдың соңына дейін номенклатуралық өнім шығаруды 5-5,5 мың бөл­шекке дейін арттыру. Сәй­кесінше, біз тауардың өзіндік құнын төмендетіп, сыртқы, тіпті импорт нарығына шыға алатын бәсекеге қабілетті кәсіп­орын болуымыз керек. Бізге тапсырыстың дені «Қазақ­мыс» корпорациясынан келеді. Бірақ мұнымен шек­теліп қалмаймыз, қазіргі әлеуе­тіміз сырттан да тапсырыс қабыл­дауға жетеді».

Зауыт қазір номенклатураны дамытып жатыр. Бұрын технологиялық база шектеулі болғандықтан, қолдан келген бөлшектерді ғана шығарып келсе, қазір жағдай өзгерген. Бүгінде зауыт өте күрделі тораптар мен агрегаттар шығара бастады. Яғни, импорт алмас­тыру пайызы жоспарлы түрде артып, шығарылатын өнімдер саны көбейе түскен.

Қазіргі таңда зауытта 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде, жобамен алғанда 100 шақты қызметкер сан­дық бағдарламалық басқару учас­кесін­де еңбек етеді. Кәсіп­орын­да даяр кадрларға деген зәру­лік байқалғандық­тан, Қара­ғанды мемлекеттік техникалық униве­рситетімен бірлесе отырып тірек кафедрасы ашылған. Сондай-ақ Қарағанды машина жасау колледжімен де әріптестік байланыс орнатылған. 

Кәсіпорын өз қызметкер­лерінің кәсіби шеберліктерін жетіл­діруге ерекше мән береді. Осы мақсатта Ресейдің «Клио-Софт» АҚ ком­пания­сы­мен бірлесіп, сандық бағдар­лама­лық басқару станогының опе­­ра­торы, сол станокта жұмыс іс­тейтін инженер-бағдар­ла­­ма­­шы, инженер-технолог, ин­женер-құрастырушы және құю өндірісінің инженер-технолог мамандықтары үшін оқу бағ­дар­ламасы әзірленген. Бүг­інге дейін мұнда 41 жұмыс­кер мен 52 инженерлік-техникалық маман білімін жетілдіріп шыққан.

Қарағанды құю-машина жасау зауытының алдына қой­­ған мақсатының бірі – бірың­­­ғай инженерлік кешен және заманауи индустриялық парк құру. Мұның өзі төртін­­ші өнер­кәсіп­тік ре­волю­­­­ция жағ­да­йын­дағы даму­дың жаңа белесіне шығуға мүм­кіндік беретіні сөзсіз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ