Саясат • 06 Қараша, 2018

Экономикалық әріптестік артады

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Эстония Премьер-министрі Юри Ратасаның қатысуымен Қазақстан-Эстония бизнес форумы өтті. Жиынға екі ел тарапынан 120-ға жуық кәсіпкер қатысып, экономикалық салаларды дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізілді. 

Экономикалық әріптестік артады

Форумда сөз алған Бақыт­жан Сағынтаев Эстония Рес­пуб­ликасы Қазақстанның Солтүс­тік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді. 
− Ынтымақтастық орнатуға әлеуетіміз зор екеніне сенімдімін. Бүгін екіжақты кездесуде тран­зиттік көлік, экологиялық және энергия үнемдеу технологиялары саласында, сонымен қатар Эс­тония «цифрлы» көшбасшы ретінде танылған ақпараттық тех­нологиялар саласында ынты­мақтастықты дамыту туралы сөз қозғадық, – деді Үкімет басшысы. 
Б. Сағынтаевтың айтуынша, жақында жарияланған Дүние­жү­зілік банк «Doing Business-2019» рейтингінде Қазақстан алғаш рет үздік 30 елдің қатарына кірді. 
− Еліміз бірден 8 сатыға көте­ріліп, 28-орында тұрмыз. Бұл тәуел­сіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз. Ал Эстонияның 16-орында екенін білеміз. Мақсатымыз – келесі жылы одан да жоғары көтерілу. Қазақстанға «Doing Business»-те басымдық берген индикаторлардың бірі халықаралық сауда болатын. Бастапқы халықаралық сауданы теңіз портынан қаншалықты алыс екеніне қарап қарастыратын. Әрине біз теңізге шығатын жолы жоқ елміз. Бірақ қазір есептеу әдісі өзгерді. Енді тауарлардың шек­арадан қаншалықты тез шығуына қарайды. Бұл жерде көп жұмыс атқардық. Елімізде халықаралық сауда бағытындағы тиісті заңнамалық құжат қабылданды. Қытаймен шекарада «Астана-1» құжаты жіберілді. Электронды есепшоттар қазір электронды түрде рәсімделеді. Бүгінде жүктің 80%-ы «жасыл дәліз» бойынша Қазақстан мен Қытай шекарасынан өтеді, – деді Қазақстан Премьер-Министрі. 
Ал Эстония Премьер-министрі екі ел арасындағы маңызды салаларға тоқталып өтті. 
− Біз Қазақстан мен Эстония арасындағы ынтымақтастықты, сонымен қатар цифрландыру, білім беру, ауыл шаруашылығы саласын талқыладық. «Бір белдеу, бір жол» жобасы да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанның 18 млн халқы, мұнай және маңызды сауда байланысы бар. Ал Эстонияда 1,3 млн тұрғын бар. Алып орман мен хайтек бағытымыз мықты. Дегенмен аталған айырмашылықтарға қарамастан, екі ел арасында ІТ, транспорт, логистика, ауыл шаруашылығы және экологиялық технологиялар мен қалдықтарды басқаруда ынтымақтастығымыз бар. Бұл тізімді болашақта ұлғайтамыз деген ойдамын, – деді Ю.Ратас.
Қазақстан мен Эстония өзара тауар айналымын арттыру мақсатында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жандандыруға ниетті. Сондай-ақ транзиттік және көлік сала­сын­дағы ынтымақтастықты, эколо­гиялық және энергия үнемдеу технологияларын, су үнемдеуді, ІТ-технологияларды дамытуда ынтымақтастықты арттыру көзделіп отыр. Бұл салалар бо­йынша Эстония Еуропалық одақ­та өзгелерден оқ бойы озық тұр.
Іс-шара барысында «Kazakh­Invest» АҚ өкілдері Қазақстанның инвестициялық жобаларын ұсын­са, өз кезегінде «Enterprise Estonia» инвестициялық агенттігі эстониялық жобалармен таныс­тырды. Сонымен қатар екі ел арасындағы бизнес серіктестік мәселелері, әсіресе цифрландыру саласы кеңінен талқыланды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан