Аймақтар • 06 Қараша, 2018

Алматыда ҮІІ «Бастау» Халықаралық студенттік фильмдер кинофестивалі басталды

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кинофестивальдің ашылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар әлемнің 32 елінен өтінім келіп түскенін жеткізді. Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов бастаған кинотанушы Инна Смаилова, режиссер Азат Хакимов, кинотанушы Баубек Нөгербек сияқты белгілі мамандарды қамтыған іріктеу комиссиясы конкурстық бағдарламаға 47 фильмді екшеп алған. Олардың ішінде Украина, Грузия, Ресей, Израиль, Түркия, Германия, Испания, Швейцария, Корея, Беларусь, Орта Азия елдері мен Қазақстан режиссерлерінің жұмыстары бар.

Алматыда ҮІІ «Бастау» Халықаралық студенттік фильмдер кинофестивалі басталды

Биылғы кинофестивальге белгілі режиссер, сценарист, педагог Ираклий Квирикадзе төрағалық жасайды. Қазылар алқасының құрамында Сильван Кутандин («Стаинге хат»), ресейлік актриса Эльвира Болгова («Менің армяндық үйлену тойым», «Өгей қызы»), қырғыз режиссері Темірбек Бірназараов және қазақстандық Сәбит Құрманбеков бар. Негізгі қазылар құрамымен бірге «Бастауда» жылдағы дәстүрге сай жас кинематографист-студенттерден құралған қазылар алқасы да жұмыс істейді. Биылғы студенттік қазылар тобында Испания, Белорусия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресейден келген студенттер бар. Осыдан екі жыл бұрын ғана «Бастаудың» жеңімпазы болған испаниялық режиссер Яго Матео Веласко биыл енді талантты студенттердің туындыларына баға беретін қазылар құрамының төрағасы болып келіп отыр.  «Әлемде кинофестивальдар өте көп, бірақ «Бастау» – шынында да сәтті, жақсы бастауға жол ашатын фестиваль. Фестивальдің халықаралық дәрежеде болғаны студенттер үшін тиімді, біз мұнда болашақта кинематографты не күтетінін аздап болса да іштей түйсініп кетеміз. Әрине, «Оскар» бар, Канн кинофестивалі бар, бірақ оған бірден бару мүмкін емес, сондықтан үлкен бәйгелерге алып баратын «Бастау» секілді баспалдақтың болғаны жақсы. Ең бастысы, сауаттылық, дүниеге жаңа көзқарас, біз белгісіз, жас дарын иелеріне үлкен фестивальдер әлеміне жолдама беріп, жол ашқымыз келеді, – дейді Яго Матео Веласко.

Фестивальдің құрметті қонақтары ретінде Korea university of media arts киноөндірісі факультетінің деканы Ким Ен Ду, «Мосфильмнің» дыбыс режиссері Марина Нигматуллина және кинооператор, Украинадағы Карпенко-Карого атындағы университеттің оқытушысы Евгений Филипповтер шақырылды. Қазылар алқасы мен фестиваль қонақтары Алматының кинематография мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерімен, кино мамандарымен шығармашылық кездесулер және шеберлік сағаттарын өтікізеді. Фестивальдің барлық шаралары, шеберлік сағаттары  Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы мен «Тұран» университетінде өтеді.

«Жастар үшін халықаралық кинофестивальдің алаңы маңызды. Студент алғашқы жұмысынан-ақ бәсеке дегеннің не екенін, курстастарының не түсіргенін ғана емес, өзге елдердегі құрдастарының да қалай ізденетінін көруі керек. Фильмнің фестивальге қатысуы бөлек те, фильмді жасаушылармен араласу, ой-пікір алмасудың маңызы тіпті басқа. «Бастау» – шығармашылық қарым-қатынас орнатуға аса қажет қадам. Күрделі жайттарға, үлкен кинематографияға қадам жасаудың қиындығына қарамастан кино дамып келеді. Кинофестивальдер де дәл осы мақсат үшін аса қажет.  Кино – ұжымдық жұмыс, халықаралық кинотілі әмбебап, біз оның дамуы үшін өз үлесімізді қосамыз. Мұнда киноны тек тамашалай салмаймыз, қалай жасалатынын үйренеміз» дейді фестиваль президенті Сергей Әзімов. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кеңестік кезеңде тұсауы кесілген студенттік фильмдер фестивалі тәуелсіздік кезеңінде да жалғасын тауып, биыл 7-рет өткізіліп отыр. Қиындықтарға қарамастан киноқауымдастықтың қызығушылығын оята алған соң да кинофестиваль өмір сүріп келеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ