Аймақтар • 06 Қараша, 2018

«Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы есеп берді

1664 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

«Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы есеп берді

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Хатшысы Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық партиясының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партия Тараз қалалық, аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, этномәдени бірлестік жетекшілері, ҮЕҰ төрағалары, БАҚ жетекшілері, саяси партиялар, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Конференция барысында филиалдың соңғы екі жылда атқарған жұмыстары кеңінен талқыланып, бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру, ішкіпартиялық тәртіпті нығайту, партия активінің жауапкершілігін арттыру міндеттері алға қойылды.

Конференцияда «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов партия облыстық филиалының екі жылда атқарған жұмыстары мен жетістіктері және алда тұрған межелі міндеттері жөнінде баяндады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 337 бастауыш партия ұйымында 69039 партия мүшесі бар. Партия мүшелері қатарына белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері, спортшылар мен мәдениет саласының өкілдері топтастырылған. Сонымен қатар, жиын барысында ағымдағы жылдың шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасының да қолға алынғаны айтылды. Аталған жобалардың ішінде бастауыш ұйымдардың жұмысы мен есептілігін цифрландыруға көшіруге бағытталған «Партияның автоматтандырылған дерекқоры», «Е-Жарналар», «Е-Талдау», «Е-құжат айналымы», «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» сынды жаңа форматтағы жобалары бар. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандарда балаларға арналған тегін 12 ІТ сыныптар ашылған. Аталған сыныптарда 1300 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам» сынды әлеуметтік мәні зор жобалар туралы да айтылды.

Конференция барысында партия облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берсе, партия облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақыт Әлмұратов, партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бахтияр Алдашов бақылау жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Сонымен қатар, жиында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің іске асырылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің жұмысы туралы да айтылды.

Конференцияда партия Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, партия Жамбыл аудандық филиалы «Жетітөбе» бастауыш партия ұйымының төрайымы Самал Байкеева және облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Біздің саяси ұйым осы өзгерістердің ешқайсысынан да қалыс қалмай, ауылдарда орындалуына зер салатын болады. Партияның өз ішінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды», деді өз сөзінде Қаныбек Бекболатұлы.

Конференция жұмысын партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда партия мүшелері алдыңғы шепте тұруы керектігін айтып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Соңында партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы сайланып, Саяси кеңестің алғашқы отырысы өтті. Саяси кеңес отырысында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы сайланды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы