Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Б. Сағынтаев облыс әкімдеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізуді тапсырды

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың тоғыз айында іске асырылу қорытындысын шығару барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Б. Сағынтаев облыс әкімдеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізуді тапсырды

Бейінді министрліктердің және бірқатар әкімдердің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, Б. Сағынтаев жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының барлық негізгі бағыттары бойынша өсім байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министр Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар басты аспектіге аударды.

Бірінші — бұл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражатты игеру мәселесі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, бірқатар өңірде 9 айдың қорытындысы бойынша өткен жылғы және жоспарлы көрсеткіштермен салыстырғанда қаражатты игеру қарқыны төмендеген.

Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырып, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Премьер-Министр биыл 12,1 млн шаршы метр пайдалануға беру керектігін еске салды.

Осыған орай, облыстардың әкімдеріне тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау тапсырылды. 

Екінші — құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құрылысына да қатысты. Биыл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осы бағытқа көзделген. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, салынып дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отырғанын айтты. 

Жеке тұрғын үй бойынша осы жылы 40 мыңнан астам жер телімі желімен қамтамасыз етілуге тиіс, 9 айда тек 40% ғана қамтамасыз етілген. Сондықтан облыстардың әкімдеріне осы мәселені қатаң бақылауға алып, тапсырмалардың алдағы екі айда орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы 2019 жылы жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу міндетін қойды. Оны өңірлік даму аспектілерін ескеріп, жаңа бағыттармен толықтыру қажет. ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне жаңа мемлекеттік бағдарламада тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі бойынша барлық аспектілерді қарастыру тапсырылды.