Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Қызылордада жылына 1 млн тонна цемент өндіреді

1092 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл соңына дейін Қызылорда облысының Шиелі ауданында тампонажды цемент зауыты іске қосылады. Екі жыл бұрын қазығы қағылған зауытты қазақстандық «DANAKE корпорациясы» мен Қытайдың «Gezhouba Group Cement Co. Ltd» цемент компаниясы бірлесіп пайдалануға бергелі жатыр.

Қызылордада жылына 1 млн тонна цемент өндіреді

«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты жобасының жалпы құны – 64 млрд теңге. Бас мер­­дігері «Чайна Триумф Интер­нэшнл» – әлемдегі үздік 50 халық­ара­лық көшбасшы компания қа­тары­на жатады. Зауыт толықтай іске қо­сыл­ғанда мұнда 300-ге жуық жұ­мыс­шы еңбек ететін болады.

Зауыт жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіреді деп күтілуде. Тампонажды цемент атом өнеркәсібі мен мұнай-газ саласында үлкен сұра­нысқа ие екен. Көптеген кәсіп­орын­дар шикізаттың өзіміз­дегі қат түрін алыс жерден тасы­мал­­даған­дықтан өнімі қым­бат­қа түсе­тін. Мәселен, оңтүс­тік­тегі ашы­луынан жабылуы тез «Керамо­гранит» зауыты өн­діріске қажетті құмды Украина­дан алдыратындықтан тұралап қал­ған болатын. Ал мұнда шикі­зат іргесінде орналасқан. Бүгінде доломит, құм және уақ тас карьер­лері пайдалануға дайын бол­ған­дықтан зауыттың цементі қол­жетімді болмақ.

Зауыт құрылысына 50 гектарға жуық жер бөлінген. Оның 4 гектар жеріне жұмысшылар қала­шығы салынып жатыр. 

Жоба қазақстандық-қытайлық 51 жобаның тізіміне кірген. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов зауытта жұмыс істеп жатқандардың дені жергілікті тұрғындар екендігін айтады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 230-дай адам толық жұмыспен қамтылады екен. Оның 90 пайызға жуығын жергі­лікті халық құрайды.

«Геджуба – Шиелі цемент» өн­ді­­рісінің директоры Уджун Хуа там­по­нажды цементтің әлем­дік на­р­ықта бәсі жоғары екен­дігін ай­т­а­ды. Шикізаттың 98 пайы­зы осын­­­да бар. Тек бір-екі па­йыз қос­­­па­­­­лары ғана сырттан тасымалданады.

Әдетте, жұрт өндіріс орнының ауаға шығарған қалдықтарынан зәрезап болады. Осыдан бес-ал­ты жыл бұрын «Састөбе цемент» зауытының мұржаларынан шыққан қалдықтар жергілікті жұрт­тың үй-жайын басып, ас­пан­нан шұға емес, цемент жау­ғаны­на наразы болған тұрғындар ре­спуб­ликаға дабыл көтерген болатын.

Ал жаңа технологиямен жаб­дықталған бұл зауыттың ерек­шелігі – қоршаған ортаны ластамайды делінеді. Мұржалардан бөлінетін көмірқышқыл газы ар­наулы сүзгіден өтіп тазаланады. Зауыт басшылығы жүзге жуық қазақстандық жастарды Қытай­дағы арнаулы оқу орындарында даярлап жатыр.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданына барған сапарында сол жастардың алғашқы легімен кездескен болатын.

ҚХР-да цемент зауытында жұмыс істеу үшін өндірістен өткен жастардың қатары алдағы уа­қыт­та көбейеді. Қытайда 5 мың­нан астам зауыт бар екен. Шиелі ауда­нындағы индустриалды-аг­рар­лық колледжде білім алған жас­тар жаңа өндіріс орнындағы ма­ман­дықты игергендігін айтады.

Әлемдік нарық жағдайында өз көрпеңді қымтап, томаға-тұ­йық өмір сүру мүмкін емес. Ірі өндіріс ошақтары болмаса мем­лекет болашағы бұлыңғыр күйінде қалады. Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына еркін кіру үшін үлкен тәуекелге бел буып, шетелдік ин­вес­­торлардың көмегімен мем­ле­­ке­тімізді нығайтуға күш са­лып жатыр. Аймақ басшысы осы істе жастарымыздың өндіріс­те жұмыс істеуі аса маңызды екендігін айтты.

Жыл соңына дейін толық іске қосылатын зауытқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік шең­берін­де электр желісімен жаб­дық­тау және теміржол салу жұмыс­та­ры жүргізіліп жатыр. Соны­мен қатар облыстық бюджеттен өнер­кәсіптік аймаққа газ құбы­рын салу үшін қаражат бөлінді. Шығарған өнімнің жетпіс пайызын отандық атом өнеркәсібі мен мұнай-газ саласына береді, артылғанын шетелге экспорттайды. Сәтін салса, «Қызылорданың Швейцариясы» атанған ауданда республикадағы ең ірі кәсіпорындардың бірі қанатын кеңге жаймақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар