Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Диқанның кеусені мол, шаруаның малы күйлі

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Балапанды күзде санайды» деген бар. Қостанай өңіріндегі ауылшаруашылығы саласында жыл бойғы еткен еңбектің қайтарымы қорытындыланды.

Диқанның кеусені мол, шаруаның малы күйлі

Қашаннан Қостанай елі­міздің астықты өңірі саналады. Даланы да малдың тұяғы тоздыратын. Биыл қыстың созылыңқы болғаны шаруаны да, диқанды да қобалжытқан еді. Жаз айларында жеткілікті түскен ылғал, диқан еңбегі мен өндіріске енгізілген озық технологиялар көшті түзеп жі­берді. Облыс диқандары 5 миллион 200 мың тонна астық жинады. Бұл жалпы еліміздегі жиналған астықтың төрттен бірін құрайды.

Гектар айналымы 12 центнерден асып жығылды. Оның сыртында картоптың гектарынан 400 центнерден келіп, 72 мың тонна жиналды, 20 мың тонна көкөніс тағы бар. Федоров ауданындағы «Бугрей» шаруа қожалығында гектар айналымы 34,7 центнерден келді. Бұл облыс шаруашылықтары арасында ең жоғары көрсеткіш болды. Оның ізін ала «Малышко Ю.М» шаруа қожалығы 32,2, «Жанахай» шаруа қожалығы гектарынан 25 центнерден алтын дән жинады. Торғай өңірінің қуаңшылығы көп, қатал табиғатына қарамас­тан диқандар гектарына 10 центнерден асырып сапалы бидай алды.

Ал биыл шаруаның таяғы құтты болған сыңайлы. Бүгін­ге дейін 74 мың тонна ет, 358 мың тонна сүт, сонымен қатар 492 миллион дана жұмырт­қа өнді­рілді. Малшаруа­шы­­лы­ғын­да бар түліктің саны кө­бейді, мал өсіретін агроқұры­лым­дардың саны 1294 болып отыр. 

– Болашақ өнімнің негізі дұрыс қаланғанда табысқа жетеміз. Тұқым толық көлемде себілді. Пар алқаптары төрт рет өңделді, 2 миллион гектардан аса сүдігер жыртылды. Қолға қарайтын малдың бір жарым жылдық жемазығы, сондай-ақ сүрлем, пішен жеткілік­ті дайындалды. Өткен жыл­дармен салыстырғанда тамақ және өңдеу кәсіпорындары 1,5 миллиард теңгеге артық өнім өндірді, – деді облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Есепті жылы ауылшаруашы­л­ығының инвесторларға тар­тым­дылығы байқалды. Биыл өңірдегі агроөнеркәсіп кеше­нінің негізгі капиталына салын­ған қаржы көлемі 16 пайыз­ға өсіп, 32 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде 12,5 миллиард теңге ауылшаруашылығы техникаларын жаңалауға жұм­салған. Мұның өзі саладағы еңбек өнімділігін 44 пайызға өсіруге қол жеткізді, ауыл­шаруа­шылығының экспорт­тық қуаты 24 пайызға артты, 275 миллион доллардың өнімі жөнелтілді. 

Ауылшаруашылығы ал­қап­тарын әртараптандыру ісі жылдан-жылға жылдамдата жүргізіліп келеді. Қазір бидайдың көлемі қысқарып, ол барлық алқаптың 62 пайызы болып отыр. Соның арқасында бұршақ тұқымдастар себілетін алқап – 37, жемазық шөбі – 18, майлы дақылдар 85 пайызға ұлғайды. Ал ауылшаруа­шы­лығын дамытуда цифрландыру бағдарламасының әсері мол болатынын да биыл­ғы жұмыстар көрсетті. Егіншаруа­шылығы мен малшаруа­шы­лығында қатар жүргізілген жұмыс­тар бүгінде оң нәтиже­сін көрсете бастады. «Олжа Садчиковское» және «Трояна» шаруашылықтарында нақ­ты егіншаруашылығы, «Терра» шаруашылығының мал бор­дақылау алаңы мен «Олжа Садчиковское» шаруашы­лы­ғында тауарлы-сүт фермасында «ақылды мал фермасы» жобалары енгізілді. Қазірдің өзінде осы шаруашылықтарда 1 миллиард теңгедей үнем жасалған.

Биылғы ауылшаруашы­лы­ғын осылай көтеріңкі көңіл күй­мен аяқтаған Қостанай өңірі­нің диқан-шаруалары табыс­ты жұмысты әрі қарай жал­ғастыруға кірісіп кеткен. Инвес­тиция қаржысына облыста ауыл­шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорны салынып жатыр. Арқалықта ашылатын заманауи, қуатты ет комбинаты Торғай өңірінде мал басын көбейтуге жол ашады. Цифр­ландыру ісі жалғасады. 

Әрине ауыл шаруашы­лы­ғын­да түйінді мәселелер де жоқ емес, Қостанайда жиналған астықтың көлемі Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі көрші облыстардан асып кеткен жоқ. Мұның өзі алдағы уақытта іл­кім­діліктің, ізденістердің керек екендігін айғақтайды.

Облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов биылғы табысты жыл үшін еңбеккерлерге рахмет айта отырып, оза шапқандарға ла­йық­ты марапаттар табыс етті. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар