Өнер • 07 Қараша, 2018

Алматыда дирижер Төлепберген Әбдірашевты еске алу фестивалі басталды

889 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 7-30 қараша аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің (ҚР МАСО) қатысуымен, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Төлепберген Әбдірашевтің 70 жас мерейтойына арналған халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді.

Алматыда дирижер Төлепберген Әбдірашевты еске алу фестивалі басталды

Осы айтулы шараның мәртебесін биіктетіп, әріптес-досын, ұстаз-тәлімгерін еске алу үшін әлемге әйгілі академиялық деңгейдегі кәсіби музыканттар, дарынды тұлғалар Алматыға арнайы шақырылды. Бүгінгі таңда Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр ұжымын басқаратын Т.Әбдірашевтің шәкірті Қанат Омаров: «Бұл фестиваль маэстроның шығармашылық және ағартушылық еңбегіне тарту болмақ. Бетховенның, Брамстың, Шопеннің, Малердің, Рахманиновтың және Шостаковичтың шығармаларының басын қосатын концерттік бағдарлама ұсынамыз. Көпшіліктің көңілінен шығатынына сенемін», - деді.

Фестивальге Ла Скала және Париж операсымен, Гевандхаус оркестрімен, Дрезден мемлекеттік капелласымен бірге қызмет еткен Михаил Юровский, Ресейдің Халық артисі, Ярослав академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Л.Собинов, И.Архипова сыйлықтарының лауреаты Мурад Аннамамедов, Мәскеу консерваториясының фортепиано кафедрасының меңгерушісі, Мәскеу сыйлығының лауреаты (2011) және Жапония «Күн шығыс» орденінің кавалері Михаил Воскресенский, Қазақстанның Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, белгілі қазақстандық пианист, көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, 2011 жылы Германияның «Deutscher Pianistenpreis» конкурсында үздік пианист болып танылған Амир Тебенихин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Омаров сияқты әлемдік деңгейдегі дирижерлар мен орындаушылар қатысады.

Төлепберген Әбдірашев Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің, Қазақ опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің, 1979-1982 жылдары Қазақстанның мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры болды.   

1977 жылы Батыс Берлинде өткен «Герберт фон Караян қоры» халықаралық дирижерлер конкурсында құрмет дипломын алған.  Бүкілодақтық «Ленин комсомолы» сыйлығының лауреаты,  ҚазақССР «Еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстанның Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жаңақорғанның «XX ғасыр адамы» атанды. Ол көптеген талантты жастарды тәрбиеледі. Оқушылары арасында Қ.Ахметов, Ж.Жұмабеков, А.Бөрібаев, А.АӘбдінұров, Е.Ахмедияров, А.Оразғалиев, Е.Нұртазин, Қ.Омаров сияқты атақты дирижерлар бар.  Маэстроның кәсіби шеберлігін әлем жұрты мойындаған. АҚШ, Англия, Германия, Корея, Түркия және басқа да елдердің симфониялық оркестрлерімен өнер көрсеткен.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ