Күрес • 07 Қараша, 2018

Олимпиада чемпионы «Әлем Файтерсте» қонақта болды

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейдің даңқты балуаны, еркін күрестен Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің бес және Еуропаның үш дүркін чемпионы Хаджимұрат Гацалов Алматыдағы «Әлем файтерс» клубына арнайы ат басын бұрды.

Олимпиада чемпионы «Әлем Файтерсте» қонақта болды

Алатау баурайында аталмыш клубтың іргетасын қалаған ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шеберлері – ағайынды Назаровтар екенін жанкүйер қауым жақсы біледі. Жас кезінен осы спортты серік еткен Ардақ Құттықожаұлы көптеген байрақты бәсекеде Қазақ елі намысын абыройлы қорғап, талай мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бірнеше рет әлем чемпионы атанып, Алаштың мақтан тұтар ұлына айналды. Ардақтың туған інісі – Бейбіт те осы өнерге мықтап ден қойып, бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды. Ол да дүниежүзі чемпионы атанды. Қазіргі кезде «Әлем файтерс» деп аталатын кәсіпқой спорт клубын құрған ағайындылар жастар мен жасөспірімдерге ережесіз жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйретуде.

Ағайынды Ардақ пен Бейбіт Назаровтың арнайы шақыртуымен даңқты балуан Хаджимұрат Гацалов өз әріптестерімен бірге «Әлем файтерс» клубында қонақта болып, осы жерде шеберліктерін шындап жүрген өрендермен емен-жарқын жүздесті. 35 жастағы Солтүстік Осетияның тумасы шеберлік сабағын өткізіп, жас жеткіншектерге өзінің оң жамбасына келетін оңтайлы әдіс тәсілдерді үйретті. Көпшілік тарапынан қойылған сауалдарына жауап беріп, өзінің спорт саласындағы зор тәжірибесімен  бөлісті.

Ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді нұсқа – UFC екені өздеріңізге жақсы мәлім. Аталмыш ұйымның аса ауыр салмақтағы чемпиондық атағын қазіргі кезде 39 жастағы АҚШ-тың апайтөсі Дэниел Кормье иемденіп отыр. Кезінде еркін күреспен шұғылданған сол саңлақ 2004 жылы Афины Олимпиадасының жартылай финалында дәл осы Хаджимұрат Гацаловпен күш сынасты. Одан кейін олардың жолы тағы бір мәрте қиысты. Екі ретінде де осетин балуанының үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. «Әлем файтерсте» өткен кездесу барысында атағы алысқа жайылған айтулы қос балуан арасындағы белдесудің қалай өрбігені жайында да біраз әңгіме болды.

Осы мәнді де мағыналы кездесуден кейін ережесіз жекпе-жектен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Ардақ Назаров даңқты балуан Хаджимұрат Гацалов пен оның достары – Эдуард Базров және Данияр Кәрімжанның иығына қазақтың шапанын жапты.    

Сөз орайы келгенде, 15 жылдан аса Ресейдің туы астында табысты өнер көрсетіп, көптеген дүбірлі додаларда жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген әйглі спортшы Хаджимұрат Гацалов бұл күндері Қазақстанда еңбек етіп, еліміздің еркін күрес шеберлерін баптап жүргенін айта кетуді жөн көріп отырмыз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ