Аймақтар • 07 Қараша, 2018

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жаңа бас директоры тағайындалды

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры болып Вэй Юйсян тағайындалды деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. Жаңа басшыны компания ұжымына 6 қараша, сейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «СНПС Интернационал» компаниясының Қазақстандағы бас директоры Биан Дыжы таныстырды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жаңа бас директоры тағайындалды

Өңір басшысы жаңа бас директордың алдына мұнай мен газ өндіру көлемінің төмендеуіне жол бермеу, инвестиция тарту, тауар, жұмыс пен қызметтерді сатып алудың жергілікті мазмұндағы үлесін ұлғайту, қатардағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру, қазақстандық мамандарды оқыту, келісімшарттық міндеттерді толық орындау бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Сондай-ақ, облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында белсенді ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

- Компанияның бұрынғы бас директоры Ван Цзюньжэнь басшылық еткен жылдары ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Демеушілік көмекке 12,7 миллиард теңгеден аса қаражат аударылды. Тек облыс аумағында ғана емес, одан тысқары жерлерде де әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды. Ақтөбеде құны 1,5 млрд теңге тұратын Өнер орталығы салынды, сонымен қатар, компания ІТ-орталықтың құрылысын қаржыландырып отыр, Астанадағы «Әлем қабырғасы» монументі мен Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысын үлескерлік қаржыландыруға қатысты. Компания әлеуметтік-бағдарлық қызметін әрі қарай кеңітеді деп күтіп отырмыз, -деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қоса кетейік, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да Ақтөбе облысының аумағында өндірілген 67%-ға жуық мұнай мен 88% газ бар. Компанияның Қазақстанның мұнай нарығындағы үлесі 7,7% құрайды, акционерлік қоғам көмірсутекті шикізат өндіру көлемі жағынан Қазақстанның жетекші мұнай-газ операторларының бестігінде.