Өнер • 08 Қараша, 2018

Өзгеше сырлы әлем

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Есімі шетелге жақсы мәлім монументалист суретші Нұрлан Тайыров «Туған өңір–тұнған сыр» жобасы аясында облыс орталығында тұңғыш сурет көрмесін ұйымдастырып, жерлестерін өзінің өнер жолымен жан-жақты таныстырды.

Өзгеше сырлы әлем

Нұрлан – Ресей Суретшілер одағының мүшесі. Мектепте жүргенде сурет салуға деген әуестігі балалық құштарлыққа ұласып, Петропавл өнер кол­леджін бітіреді. Бекзат өнерге деген ерекше ықылас-пейілінің арқасында Новосібір сәулет академиясын аяқтап, шекаралық ай­мақта тұрақтап қалады. Жы­рақта жүрсе де, ол үшін шыр етіп дүниеге келген туған жер­дің орны бөлек, ыстық. Ата­ме­кенге деген перзенттік ыс­тық сезімін, бала махабба­тын шы­ғармаларында шабыттана бейнелеп, бірқыдыру портреттік, сю­жеттік топтамалар арнапты. Әр туындысынан өзіндік өрнек, ұлттық нақыш, сырлы сезім анық аңғарылады. Тақырып ая­сы да кең, сан алуан. 

Өзіндік стилі қалыптасқан өнер иесі қызылжарлықтарға бірнеше циклдан тұратын «Бейне мен түс» атты суреттер топта­ма­сын ұсынды. Байырғы ке­зең мен қазіргі құбылмалы за­ман­ның сан қатпарлы құбы­лыс­тары мен тылсым сырларын, рухани ұқсастықтары мен айыр­машылықтарын тамаша үндестіре де, шендестіре де бі­летін Нұрлан өзара үйлесім тап­қан түрлі-түсті бояулар арқы­лы сурет әлеміне терең бойлайды, образдар галереясын жасай­ды. 

Ал кемел суретшінің грек мифологиясына қалам тартқан суреттер жиынтығы – өзгеше бір әлем. Антикалық дәуірдің жұм­бақ әлемін өте нанымды көрсете білгені соншалық, «Ор­фейдің ажалы» картинасы бір­неше мәнерде бейнеленіп, ұш­қыр қиял еркін қанат қағады, көк әлемін кезеді. Шалқар шабыт, талант тағылымы деген осы болар! 

Талғампаздығы, ізденім­паз­дығы, ой көкжиегінің кеңдігі, әдемілікті, сұлулықты әспеттеуді әр бояу арқылы ұқты­рады десек, артық айтқандық болмас.

– Мына суретті салу идеясы аяқасты туды. Трамвайда жаныма бір әдемі келіншек отырды. Құдды мектеп оқушысы секілді. Әлеуметтік желіге бүкіл ақыл-есімен, ой-санасымен берілгені соншалық, өзін де, өзгелерді де мүлдем ұмытты. Қашан аял­да­маға жеткенше оның бар қимылын көз қырыммен бағып отыр­дым. Смартфондар адам өмі­рінің айнымас бір бөлшегіне айналып бара ма деген сұмдық қауіп, әлдебір белгісіздік күш тұла-бойымды тұмшалап алды. Оның түсініп болмас бұл әре­кеті жалған дүниеден мүлдем бөлектеніп, жаны да, тәні де өзге ғаламда жүргендей күй кеш­тір­ді, – дейді Н.Тайыров. 

Осы іспеттес картиналар абс­трактілі, стихиялы, шым-шы­тырық сызықтар мен кес­кін­демелер құ­ран­дысы іспетті кө­рінгенімен, түп­қазығы ауыр ойларға, салмақты сұрақтарға жетелейді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы