Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Өзара ынтымақтастық нығая береді

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Түркияның сыртқы саясаты және Қазақстан – Түркия қарым-қатынастары» тақырыбында БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. 

Өзара ынтымақтастық нығая береді

Жиынды Түркияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Уянык ашты. Брифинг барысында Түркия Республикасының президенттік жүйеге көшуіне қатысты «Бастамашыл және гуманитарлық сыртқы саясаты» кеңінен сөз болды. 

«Гуманитарлық сыртқы саясат тео­риясы арқылы еліміздің әлеуметтік мәселелерінің оң шешім табуын көздейміз. Бұл арқылы қоғамдағы әр тұлғаның адами құндылықтары, ар-ожданы, адам өмірі сынды мәселелер ел ішінде және халықаралық деңгейде қорғалып келеді. Бүгінде БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы ұсынған көрсеткішке сәйкес, Түркия әлемдегі ең көп босқын қабылдап отырған ел саналады. Қазір елімізде 600 мыңнан астам сириялық балалар білім алуда. Олардың 97%-ы бастауыш сынып жасындағы бала. Сондай-ақ сириялық 20 мыңнан аса жас біздің мемлекетімізде жоғары оқу орындарында білім алып жатыр», деді Н.Уянык. 

Жиында белгілі болғандай, Түркия Республикасы гуманитарлық көмек көрсету бойынша «Global Humanitarian Assistance-2018 (GHA) бағдарламасының «Ғаламдық гуманитарлық көмек» есебіне сәйкес биыл әлем бойынша бірінші орынға шыққан. Қайырымдылық жасау ісіне Түркия тарапынан биыл 8,07 миллиард АҚШ доллары жұмсалған.

Сондай-ақ Түркия палестиналық босқындар үшін көмек көрсетуші UNRWA (Палестиналық босқындар ісімен айналысатын Таяу Шығыс агенттігі ) агенттігіне демеу болып келеді. Аталған ұйымға 2017 жылдың ішінде түрік бюджетінен 1,5 миллион АҚШ доллары бөлінген. Аталған агенттік босқындардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесті. Бұл ұйымға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы да қол­ұшын созды. Жиын барысында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Қазақстанның UNRWA ұйымына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік дәрежеде іске асырылған шараларға екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты күшейтуге арналған қадамдардың жалғасып келе жатқанын атап өтті.

«Астана процесінің арқасында уақытша достық бітімінің күшейтілуі, шиеленісті азайту меморандумының орнатылуы және жанжалды тараптар арасында сенімді арттыру шараларының қабылдануы сияқты мәселелер бойынша айтарлықтай алға жылжу байқалады. Қазақстан Республикасы Сирия дағдарысына қатысты Астана процесін ұйым­дастырып, маңызды қолдау көрсетуде. Бұл қолдау үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз», деді елші. 

Сондай-ақ Н.Уянык TIKA мен KazAID арасындағы ынтымақ­тас­тықтың одан әрі күшеюіне тілектес екенін білдірді. 

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»