08 Қараша, 2018

Менің атым – Жанэра!..

868 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қараторы, өте бір өңді қыз екен. Жанары өткір. Бойынан қайсарлық байқалады. Өжет-ақ. Өкініштісі, бір аяғын сылтып, ақсаңдай басады екен. Бірақ, табиғат берген сұлулығы бәрін жеңіп тұрғандай, Жанэраға қарай бергің келеді.  

Менің атым – Жанэра!..

Мен Жанэрамен қалалық кітапханада оқыр­мандармен өт­кен конференцияда таныстым. 

– Атым Жанэра дейсің бе? Жоқ, әлде, Жанара ма? – деп қалдым байқамай.

– Жоқ, сіз дұрыс естідіңіз, менің атым – Жанэра, – деді ол қайталап.

– Мен Шығыс Қазақстан об­лысының Күршім ауданын­дағы Теректібұлақ ауылында туып-өстім. Таулы-тасты, бір шетін Зайсан көлі алып жатқан табиғаты ғажайып жерде өмірге келіппін. Бұрынғы шежіреші үлкендердің тілімен айтқанда, бұл ауылда Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың ұрпақтары тұ­рады, – деп алыстан сөз қоз­ғады Жанэра.

Айтуынша, атасы Садық бі­рінші әйелі Нұрта­задан бала көр­мепті. Апамыз шалына Жа­ңылхан деген қызды айттырып, екінші әйел ғып алып беріпті. Ата­сы сол кезде 63 жаста, ал Жа­ңылхан 22 жаста екен.

– Жаңылхан апамнан туған менің әкем дүниеге келгенде атамыз «Дүние-мү­ліксіз деуші едіңдер, мүлікті болдым»,­ – деп атын Мүлік қойыпты. Са­­дық атамыз 83 жасында қайтыс болып­­ты. Най­ман-керейге бақсы болған Таң­­жарық­тың ұрпағы, қазір атамыздан та­раған әу­лет Таңжарықтың немересінің есімі То­қат­тың атымен жазылады, – дей­ді Жанэра.

– Ал мен 1976 жылы қаң­тарда дү­ниеге келіппін. Әкемнің інісі Мүкетай менің атымды  Жанейро деп қойыпты. Бра­­зилияның астанасы Рио-де-Жа­ней­­ро туралы кітап оқыпты. Жанейро батыр қыздың есімі екен. Жанейро деген португал тілінде «janeiro» қаңтар­да туыл­ған деген мағына береді. Қаңтар­да қат­пайтын өзеннің жағасында орналас­қан қала,–дейді Жанэра. 

Жанэра Мүлікқызы 1998 жыл­ы Се­мей­дегі Шәкәрім атын­дағы универ­си­теттің технология факультетін бітіреді. Бірақ, тағдырдың ауыр сынына тап келді. Университет бітіргеннен кейін кенеттен қатты ауырып, ұзақ уақыт емделеді. Өкінішке қарай, дәрігерлердің шешімімен ауырған бір аяғын кесуге тура келеді.

– Иә, ол күндер өмірімдегі ең бір ауыр күндер еді. Адам алда не күтіп тұр­­­­­­ғанын білмейді ғой. Ма­ған да кездейсоқ кел­ген дертті жеңіп шығуға, қиындыққа қар­сы тұруға бойымдағы ерік-жігерім, ру­­хани күш-қайратым көмекке келді. Про­тез аяқпен жүр­сем де мен өмірді сүю­ге, өз қатарымнан қал­мауға тырыс­тым. Осы мақсат, осы арманмен өмір сүру­демін, – деді Жанэра. 

Сол сәт екеуміз де үнсіз қалдық. Жанэраның еш бояуы жоқ сұлу жүзіне, қарапайым­дылығына, ерекше болмысына қарап «Айка» фильміндегі өзіміз­дің актриса Самалға ұқсаттым. Кейде осылай қазақтың қызда­рының бұйығы мінезден құбылысқа айналған құдіретіне таңғаласың.

Бойына біткен өршіл мінез Жанэраны да шыңдады. Биіктен құлатпады. Кейін Павлодарда тұратын ағасының қасына көшіп келеді. Марқұм әкесі Мүлік гидротехник, анасы Қазимаш мектепте математика пәнінен сабақ беріпті. Қазір зейнетте, өзімен бір­ге тұрады. Осында көшіп келген соң, Жанэра пе­да­гогикалық институтта оқып, ­тех­­­­но­­логиялық білім жолын жал­ғас­ты­рып, ­информатика ма­ман­дығын алады. 

– Қазір өзіңіз көргендей қа­лалық кітапханада библио­граф болып қызмет етемін. Кей маман­дықтар сені өзі таң­дай­ды дейді. Кітапхана мені өзі таң­дады деп ойлаймын. Күн­делікті басы­лымдарға шық­қан, әсіресе, сүйікті газетім «Еге­­мен Қазақстанға» шыққан мақа­лаларды тіркеп, жи­нақтап отырамыз. «Егемен» – менің рухани досым» деп мақтанамын. Өйткені мен сіздердің газетпен күнде біргемін. Жаным жадырайды, – де­­­ді Жанэра. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше