Аймақтар • 08 Қараша, 2018

Үнемделген уақыт дәрігерге де, сырқатқа да тиімді

522 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы №4 емхана 2010 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған болатын. Жаңаның аты – жаңа,  басы ауырып, балтыры сыздап келген сырқат жандар кең сарайдай ғимаратқа кіргенде өзін жеңіл сезіне бастайтын.   

Үнемделген уақыт дәрігерге де, сырқатқа да тиімді

Енді емхана медициналық ақпараттық жүйені енгізудің қанатқақты жобасына қатысып, ауруларға одан сайын қолайлы жағдай туғызып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын емхананың кіре­берісінде ұзыннан ұзақ созыл­ған тіркеу орны болатын. Онда қараторғайдай қатарласып отырған кіші медицина қызметкерлері келушілерге қызмет көрсететін. Олар адамдардың ауру деректері жазылған карталарын жағалай қойылған шкафтарда әліпби бо­йынша орналастырылған тізімнен іздеп тауып, қолына ұстатады. Сырқаты жанына батып тұрған адамдар медбике картасын тапқан­ша күтетін. Кейде тіркеу орнынан әлгі карточка табылмайды, содан айқай-шу да болмай қал­майтын. Медбике кезектегі иірі­ліп тұрған адамдарды тастай сала, жүгіріп кетеді, әлгі картаны дәрігер кабинеттерінің бірінен тауып әкеледі, таппаса қайтадан карта арнайды. Олақтығын ұсақ-түйек­тің ығына қоятын қазе­кем флюрографияға түскен плен­ка­сының қайда қалғанын білмейтін кезі аз емес. Енді осы әңгіменің барлығы да емхананың тарихына айналды. Біз келгенде бұрынғы бір қабырғаны алатын шұбалаң тіркеу орны елеусіз ғана бір бұрышқа ығысыпты. Емхананың кіреберісі жадырап, кеңи түскен. 

«Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы аясында қолға алынған жұмыстардың жемісі айшық­ты көрініп отырған емхана алдымен компьютерлермен жабдық­тал­ды. Қазір мұнда 135 су жаңа компьютер жұмыс істеп тұр. Бұл емхананың «Қағазсыз аурухана» жобасы шеңберінде емделушінің амбулаторлық картасын қағаздан толық электронды нұсқаға көші­руге мүмкіндік берді. 

– Әзірше біздің емхананың өзінде 11 мыңнан аса диспансер­лік есепте тұратын аурулардың, белгілі мерзімде медициналық-сараптамалық комиссиядан өтіп тұратын мүгедек жандардың және бес жасқа дейінгі балалардың медициналық картасының қағаз нұсқасы да сақталады. Олардың жеке картасының электронды нұсқасы да бар. Бұл уақытша, кейін цифрландыру ісі толық жүр­генде мұның барлығы да тек электронды нұсқада қалады, – дейді №4 қалалық емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова. 

Қазір емхана дәрігерлері сыр­қат жанды отырғызып қойып, оның картасын аударыстыр­май­ды. Емделушінің жеке куәлі­гін­дегі жеке сәйкестендіру нөмі­рін салғанда бағдарламадан оның бар­лық ауру тарихы, қандай ем алғаны, қандай дәрі-дәрмек пай­да­ланғаны, алынған меди­цина­лық талдаулардың нәтижесі шы­ғып тұрады. Ауру жанның дәрі­герге келіп көрінуіне кететін уа­қыт бұ­рынғыға қарағанда 3 есе қыс­қарғ­ан. Бас дәрігер Марга­ри­та Би­сенова­ның айтуынша, бұрын дәрі­гер ауруды 15 минут қарауы тиіс болса, соның кем деген­де жар­тысы қағаз жазумен кете­тін. Қ­азір істің жіптіктей болып ши­рай түс­кенін тек дәрігер ғана емес, ем­де­лу­шілердің өзі де байқады. Дәрі­геріне келген аяғы ауыр Әйгерім Елтаева қал­та­сы­нан телефонын алды да, оған орналас­тырған DamuMed қосым­шасын көрсетті. 

– Мен бұрыннан осы емханада тіркеудемін. Дәрігерге баратын болсам, мына қосымша арқылы үйде отырып-ақ қашан баруым керектігін анықтаймын, ауырғаным туралы анықтама аламын, лабораториялық талдаулар­дың нәтижесін білемін. Өте ың­ғай­лы. Ал бұрын дәрігерге баратын күні түске дейін уақытымыз кететін, – дейді Ә.Елтаева.

Қазір №4 емханаға қаладағы 73 115 тұрғын тіркелді. Соның ішін­де 69 мың адамға электронды медициналық денсаулық төлқұжа­ты жасалды. Тіркеу қызметінің қызмет­керлері 40 пайызға қыс­қартылып, олар қазір емханадағы басқа жұмыстарға ауыстырылды. Қысқарған ешкім жоқ. 

– Медицина саласын цифр­ландыру ең алдымен осы саладағы жұ­мыс­тардың мөлдірлігін қамта­ма­сыз етеді, сосын уақытты ба­рын­­ша үнемдейтін болады. Уа­қыт­ты үнемдеу дәрігерге де, па­­циентке де өте тиімді. Артық уақытта дәрігер науқасқа көбірек көңіл бөлетін болады, адамдар өзін аурудың алдын алуға бағыт­тайды. Демек, үнемделген уақыт денсаулыққа қызмет етеді, – дейді Респуб­ли­ка­лық электронды денсау­лық ор­та­лығы облыстық филиа­лы­ның директоры Андрей Соловьев.

Бұл жұмыс облыс бойынша да қарқын алып келеді. Бүгінде өңірде 121 форманың 64-і элек­трон­ды нұсқаға көшірілді. Анд­рей Николаевичтің айтуынша, цифр­ландыру ісі тез жүріп, нәти­же беру үшін адамдардың компью­терлік сауаты көтерілуге тиісті. Облыста 546 компьютер және циф­р­ландыру тәжірибесін үйрету бе­кет­тері жұмыс істеп тұр. Теле­фон­дағы мобильдік қосым­шаны 2 миллионға жуық адам қол­дана бастады. Бірақ бұл емха­наларға тіркелген адамдардың 10,8 пайызы ғана. Осы кезге дейін 10 миллионнан астам меди­циналық электронды төлқұжат толтырылған. Алдағы уақытта емханалар мен ауруханаларда цифр­ландыру ісі қарқын алу үшін оларды компьютермен қамтамасыз ету ісі жалғасып жатыр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ