Кино • 08 Қараша, 2018

Астанада «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып түсірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Режиссері – Ерген Тоқмурзин.

Астанада «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Фильмнің тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

- Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп көрсеткен болатын.  Осы орайда, Алаш азаматтарының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз екенін баса айтқым келеді. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» - деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтай бүгінде алаш ізбасарлары баршылық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алаш арыстары ұстанған ұлттық идеяны бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда ұштастырып, көреген саясатты ұстанып келеді, - деп кеңінен тоқталды министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар құрметті қонақтар қатарында Мәжіліс парламентінің депутаты Азат Перуашев болды.

- Бүгін шын мәнісінде ерекше оқиға болып отыр. Алаш азаматтарына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтіп жатыр. Осыдан жүз жыл бұрын алаш азаматтары өздерін құрбандыққа шалып, аянбай еңбек еткен. Соны бүгін біз ұмытпай, ұлықтап отырмыз. Көпшілікке белгісіз парақтарды ашайық деп отырмыз. Фильмді түсірген топқа алғыс білдіре отырып, осындай фильмді өндіріске жібергеніне мәдениет министрлігі және спорт министрлігі мен министр Арыстанбек Мұхамедиұлына көп рахмет айтамын, - деді Азат Перуашев.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университеттерінде, Уфадағы Мемлекеттік Мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген.

- Өз атымнан фильмнің жарыққа шығуына ықпалдастық еткен Мәдениет және спорт министрлігін басқарып отырған Арыстанбек Мұхамедиұлына, «Қазақфильм» киностудиясына, «Ел» продюсерлік орталығына және Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне алғысымды айтқым келеді. Бұл фильм Алаш орданың жүз жылдығына арналғандықтан, осы бір ғасырдан кейінгі тарихты қорыту, салмақтау, Алаш қайраткерлері қазақ халқына қандай ұран қалдырды тағы бір ой елегінен өткізу, -деді сценарий авторы Болат Мүрсәлім.

Айта кетсек, «Алаш туы астында» фильмі үш бөлімнен тұрады. «Оян, қазақ!» атты алғашқы бөлімде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің бастаулары, Дума жұмысына араласу, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас мәселелерінің түйткілді тұстары айтылады.

Екінші бөлім «Жарияланбаған автономия» деп аталады. Бұл бөлімде 1917-1920 жылдардағы Алашорда үкіметінің қызметі тереңінен қамтылған. Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, неге автономияны таңдады? Алаш әскері қалай жасақталды? Алаш автономиясы жарияланды ма, жоқ па? Ә.Бөкейхан мен М.Шоқай Уфадағы Мемлекеттік мәжілісте ұлт-азаттық күрес мүддесін қалай қорғады? Екінші бөлім осы сипаттағы сауалдарға жауап іздейді.

«Қатерлі өткел» деп аталатын үшінші бөлім – 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған. Бұл бөлімде Голощекиннің қырғыны, Сталиндік репрессия жылдарындағы Алаш тағдыры нақты деректермен көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше