Спорт • 08 Қараша, 2018

Ертең дзюдодан Гран-при турнирі басталады

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертең Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте дзюдодан Гран-при турнирі басталады. 11 қарашаға дейін созылатын бұл жарыста Қазақстанның туы астында 21 балуан өнер көрсетеді. 

Ертең дзюдодан Гран-при турнирі басталады

Гран-при додасы барысында әр дзюдошыға әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсырту үшін тамаша мүмкіндік туындайды. Өзбекстанға сапар шекккен біздің өрендер де сол жағдайды барынша ұтымды пайдалануға тиіс. Қазіргі кезде Қазақстанның ерлер құрамасының үш мүшесі «ТОП-10» дзюдошының қатарына еніп отыр. Олар – Гұсман Қырғызбаев, Елдос Жұмаханов және Ерлан Серікжанов. 60 кило салмақ дәрежесінде белдесетін Ғұсман әлемдік рейтингте 6 орында тұрса, 60 кило салмақта нәтижелі өнер көрсетіп жүрген  Елдос–8 және Ерлан– 10 сатыға жайғасты.

Үздік 20 дзюдошының қатарына да санаулы өрендеріміз еніп отыр. Олар – Жансай Смағұлов (73 кило) – 12 орын, Елдос Сметов (60 кило) – 14 орын және Ислам Бозбаев (90 кило) – 15 орын. Ал биыл Азия ойындарында жеңімпаз атанып, бірқатар халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінген Дидар Хамза (81 кило) 21 сатыға табан тіреп тұр. Міне, еліміздің ең үздік балуандары осылар.

Әйелдер арасында жалғаз Отгонцецег Галбадрахтың қадамы қуантарлық. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алып жүрген жерлесіміз аса жеңіл салмақтылар арасында 6 орынды иеленуде. Өкінішіке қарай, өзге қыздарымыздың қарқыны баяу.  

Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте өтетін Гран-при турнирінде Қазақстанның туы астында мында дзюдошылар өнер көрсетеді:

Ерлер – Бауыржан Жауынтаев (60 кило), Гұмар Қырғызбаев (66 кило), Ерлан Серікжанов (66 кило), Жансай Смағұлов (73 кило), Ақылбек Серік (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Қажымұкан Өтеулиев (81 кило), Әзиз Қалқаманұлы (90 кило), Әділхан Қозыбаев, Айбек Серікбаев (100 кило), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және Ғалымжан Қырықбай.

Әйелдер – Отгонцецег Галбадрах (48 кило), Салтанат Сұлтанбекова (48 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Анна Казюлина (57 кило), Иоланта Бердібекова (63 кило), Аэлита Щербакова (70 кило), Ажар Салықова (70 кило) және Зарина Райфова (78 кило).