Өнер • 09 Қараша, 2018

Қылқалам қуаты

723 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі қылқалам шебері, мүсінші Мұрат Қалқабаевтың есімі Қарағанды облысының аумағында ғана емес, еліміз бойынша да аса танымал. Таяуда облыстық бейнелеу өнері мұражайында осы суретшінің жеке көрмесі ашылды. Келушілер назарына шебердің 40-тан астам жұмысы ұсынылды. Олардың арасында текемет, гобелен, көркем суреттер және мүсіндер бар. 

Қылқалам қуаты

Мұрат Қалқабаевтың сурет­шілік өнері тереңнен тамыр тартады. Оның әжесі он саусағынан өнер тамған адам болыпты. Ол кісінің қолынан шыққан текеметтер мен сырмақтар сұлу­лығымен көз жауын алған. Бала Мұрат жастайынан әже­сінің жанында жүріп, осы өнердің уызына қанып өскен. Содан да болар, мамандық таңдауға келгенде ол көп ойлана қоймаған: бірден Алматы көркемөнер училищесіне түскен. Болашақ суретші өнер жолын текемет, сырмақ және гобелен жасаудан бастапты. 

Қылқалам шеберінің ағасы Тоқболат Тоғызбаев та суретші бол­ған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары жаңа қазақ өнерін қа­лыптастырушылардың бірі атан­ған. Мамандардың айтуын­ша, аға­йын­ды екеуінің туын­дылары да бір-біріне ұқсас ке­леді екен.

Суретші киіз басу өндірі­сінде алғашқы болып станоктік әдісті енгізген. Текеметтер мен сыр­мақтар үшін сюжетті шебер ұлттық фольклордан алады. Ең бас­тысы, ол қолға алған та­қы­рыпты өзінің қиялындағы алуан түрлі мазмұндық ерек­ше­­лік­термен байыта білуді жо­ға­ры дә­режеде меңгерген кәсі­би маман.

Мұрат Қалқабаев сан қырлы талант иесі. Оның кеңістікті еркін сезіне отырып дүниеге келтірген туындылары осыған айғақ. Мысалы, шебердің «Қо­быз», «Қаза болған шахтерлер ескерткіші», «Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда қаза болғандарға арналған ескерт­кіш», «Сталиндік қу­ғын-сүргінге ұшыраған ресей­ліктерге арналған ескерткіш» атты мүсіндері жоғары көркем­дік тебіреніспен сомдалған өнер туындылары ретінде кезінде жоғары баға алған.

КСРО және Қазақстан Су­рет­шілер одағының мү­шесі, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Мұрат Қал­қа­баев­тың үздік туындылары АҚШ, Израиль, Канада, Гер­мания, Оң­түстік Корея, Ре­сей және басқа да ел­дердің му­зейлерінде, сондай-ақ жеке кол­лекционерлердің қо­лында сақтаулы.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ