Экономика • 09 Қараша, 2018

Мұнай өндіру төмендегенімен экономика өсуде

242 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында шикізаттық емес секторды дамыту арқылы экономикалық табысқа жету байқалып келеді.

Мұнай өндіру төмендегенімен экономика өсуде

Соңғы алты жыл ішінде облыста мұнай өндіру көлемі айтарлықтай қысқарған. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:

- Республика бойынша өнім көлемі азаюының 70%-дан астамы Қызылорда облысында орын алды. Осы уақыт ішінде жалпы алғанда біз 4,5 млн. тонна өнімді жоғалттық. Ал, бұл дегеніміз - инвестиция, жұмыс орындары және бизнес. Тек ағымдағы жылдың өзінде болжам бойынша 600 мың тоннадан астам жетіспеушілік байқалды. Бірақ, жүйелі шаралар нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 4 жылда бірінші рет ЖІӨ бойынша оң векторға - 100,8% шықтық. Мұнай мен бүгінгі таңда уран өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне қарамай, бұл жоспар биыл да орындалады, - деді.

Осыған қарамастан, соңғы үш жылда өнеркәсіпке салған инвестиция көлемі екі есеге жуықтаған. Ал, жұмыспен қамтылғандар саны 58 пайыздан, еңбек өнімділігі 18 пайыздан асқан. Елбасы шикізатқа тәуелді болу мемлекеттің адымын тұсайтындығын айтып келеді. Мемлекет Басшысының өнеркәсіптерді өркендету жөніндегі тапсырмалары Сыр өңірінде жақсы орындалып жатқандығы кәсіпорындардың көбейгендігінен байқалады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы