Спорт • 09 Қараша, 2018

Зілтемірші Александр Зайчиков 9 орында қалып қойды

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында 102 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық зілтемірші Александр Зайчиков 9 орынды қанағат тұтты. 

Зілтемірші Александр Зайчиков 9 орында қалып қойды

Рио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы деген дардай атағы бар әйнілі спортшыға біз үлкен сенім артқан едік. Алайда Александр Зайчиков биылғы жылдың басты додасына даяр болмай шықты. Бәсеке барысында 165 килоны жұлқып, 195 килоны серпе көтерген ол 360 килолық көрсеткішпен 9 орында қалып қойды. Бұл салмақта Иранның ауыр атлеті Әли Хошеми озды.

Былтырғы жылғы әлем чемпионы бұл жолы 396 (179+217) килолық зілтемірді еңсеріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Күміс медаль Дмитрий Чумактың еншісінде. Украинаның мықтысы 390 (176+217) килоны еңсерді. Дәл осындай нәтиже көрсеткен Иранның тағы бір спортшысы Реза Бейралванд қола медальді мойнына ілді.    

Ал «В» тобында 81 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық зілтемірші Раушан Мешітханованың бірінші орынды иелегені жайында кеше хабарладық. «А» тобындағы жарыс аяқатлғаннан кейін қазақ қызының жұлқып көтеру жаттығуында күміс медальді иеленгені белгілі болды. Естеріңізге сала кетейік, Ашхабадта Раушан 108 килоны жұлқып және 115 килоны серпе көтерді. Қоссайыстағы нәтижесі – 223 кило.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»