Қазақстан • 10 Қараша, 2018

Ақтөбелік кәсіпкерлер Петропавлдағы өңіраралық форумда

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» XV халықаралық ынтымақтастық форумы басталды. Ауқымды шараның жұмысы екі елдің қырықтан аса жəдігері қойылған туристік көрмемен ашылды.

Ақтөбелік кәсіпкерлер Петропавлдағы өңіраралық форумда

Ауқымды шараға ақтөбелік компаниялар да қатысуда. Олар үшін көрме жоғары сапалы әрі бəсекеге қабілетті өнімді таныстырудың жақсы алаңы болмақ, сонымен қатар көрші елдің іскерлік құрылымының өкілдерімен байланысты жолға қоюға мүмкіндік береді.

Облыстық кəсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың сөзінше «Зәру» бұғы мүйізімен емдеу шипажайының павильоны келушілердің үлкен қызығушылығын туғызды.

Еске салайық, бұғы мүйізімен емдейтін заманауи шипажай өңірде 2018 жылы пайдалануға берілген болатын. Құны 450 млн теңге тұратын ірі жоба Ақтөбе облысының туризмін дамытуға жəне жергілікті тұрғындарды сауықтыруға оң əсерін тигізері сөзсіз. Шипажайдың жанында өзінің марал өсіретін фермасы бар. Құны 500 млн теңге тұратын жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңі 2019-2020 жылдарға жоспарланған.

Форум қатысушылары сондай-ақ, «Ваниль» кондитерінің тəттілерінен де дəм тата алды. Айта кетейік, Ресейде, атап айтқанда Орынбор облысында «Иркиналинова» ЖК өнімі үлкен сұранысқа ие: 2016 жылы шілде айында Зəуреш Иркиналинова осында дүкендер желісін ашқан. Өндірілетін өнімнің 200-ден аса атауы бар. Ақтөбелік бренд жуырда қытай нарығында пайда болады. Кәсіпкер форумға қатысса сауда географиясының айтарлықтай кеңейетініне сенімді.

Ресейліктерді сондай-ақ, «Экостиль КЗ» ЖШС-нің кəдесый павильоны да қызықтырмай қоймады. Қазіргі таңда кəсіпорын ағаш өңдеудің лазерлік технологиясын қолдана отыра ұлттық бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»