Қазақстан • 12 Қараша, 2018

Алматы әкімі қаланың қыс маусымына дайындығын тексерді

490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бауыржан Байбек мегаполистің барлық аудандарына қала тұрғындарының қарды уақытында тазарту және өзге де өтінімдеріне шұғыл назар аудару үшін «жедел» желі мен учаске бастықтарының, аудан әкімдері орынбасаларының байланыс нөмірлері жазылған ақпараттық стенд орнатуды тапсырды. Бұл ақпарат Алматы тұрғындарына қолжетімді болу үшін Ғаламтор желісіне ашық түрде жарияланбақ.

Алматы әкімі қаланың қыс маусымына дайындығын тексерді

Қыс маусымына дайындық барысында қаланың коммуналдық қызметіне жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлар мен аула ішін жедел тазартуда ПИК-тердің жұмысын барынша күшейту қажеттігі ескертілді. Осы іске жауапты мердігерлік ұйымдардың жұмысын Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бақылайтын болады.

«Қаланы реконструкциялауға байланысты жаңарған даңғылдар мен көшелерде арнайы техника, оның ішінде көпфункционалды Pony машиналары, мини жүктиегіштер, жеңіл тракторлар жұмыс істейтін болады. Ал жұмысшылар төселген заттарға еш ақау түсірмейтін арнайы құралдарды пайдаланады», - дейді басқарма бастығы Әсет Масабаев.

Ол өзінің сөзінде қалада қардан тазартылатын жолдың жалпы көлемі 20 млн. м².екенін айтты. Көшелерді қыста 13 мердігерлік ұйым, 1285 арнайы техника бірлігі тазартады. Жол тазалайтын жұмысшылар санын 1700-ден 3200 адамға жеткізу жоспарланған.

«Аудандар бойынша өндірістік базалар құрылған, бұл қар тазалау жұмыстарын 1,5 есе жеделдетеді. Жұмысшылар дислокациясы жанына модульды контейнерлер қойылады, олар сол жерде киініп, жылынып, ыстық ас ішеді. Полиция және Құтқару қызметімен бірге эвакуатор кезекшілігі ұйымдастырылады және сыпыру-жинау техникалары қатар жүреді» дейді жауапты мамандар.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше