Кино • 13 Қараша, 2018

VII «Бастау» фестивалі аяқталды

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда төрт күнге созылған «Бастау» студенттік фильмдердің  VII халықаралық фестивалі аяқталды. Қарашаның 5-8 ара­лығында қазылар алқасы мен көрер­мен­дер назарына Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің ең жас режиссерлері түсір­ген таң­дау­лы фильм­дер ұсы­нылды. Биылғы «Бастау» кино­фестиваліне әлемнің түкпір-түк­пірінен 300-ден астам ұсыныс келіп түскен. Режиссер Әділхан Ержанов бас­қар­ған іріктеу комиссиясы байқауға 22 ел­ден келген 47 фильмді таң­дап алған болатын.  

VII «Бастау» фестивалі аяқталды

– Біздің фестиваліміз биыл же­тінші рет өткізіліп отыр және студенттік кино мен кинобілімінің өзекті мәселелерін талқылайтын нағыз кәсіби ортаға айналды. Біз­дің кішкентай ғана фестиваліміз қаламыздың мыңдаған студенттеріне, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас кинематографистерге пайдалы болғанына сенімдімін, – деді фестивальдың президенті Сергей Әзімов.   

Кинофестивальдің қазылар­ алқасына енген грузин кинорежиссері, сценарисі, жазушы әрі педагог Ираклий Квирикадзе, ресейлік актриса Эльвира Болгова, қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сондай-ақ отандық режиссер Сәбит Құрманбеков ұзақ тал­қылаудан соң «Бастаудың» жүлделерін былайша белгіледі: 

Гран-при ресейлік режиссер Адам Дунаев­тың «Зәуре туралы хаттарына»,­  қазылар алқасының арнайы жүл­десі ­қазақстандық режиссер Данияр Әзі­мов­тің «Әлем адамына», «Ер адам рө­лін үздік сомдағаны үшін» жүлдесі түр­киялық Ахмед Варлидің «Кешегі қал­дық» фильміне, «Әйел адам рөлін үздік сом­дағаны үшін» жүлдесі өзбекстандық актриса Эльмира Рахимжоноваға «Ана» фильмі үшін, «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесі ресейлік Вахтанг Кхубитяға «Айқай» фильмі үшін, «Үздік сценарий»  Оңтүстік Кореядан келген Ийе Кимнің «Бірге барамыз» деректі фильмі үшін, қазылар алқасының арнайы ата­лы­мы  Германия режиссері Синье Ко­льэ­нің «Ашық аспандағы симфония» фильмі үшін табысталды. Ал «Отандық кинематографияға қосқан үлесі және Қа­­зақстанның жас кинематографистерін өсір­гені үшін» жүлдесі танымал режиссер Дә­режан Өмірбаевқа берілді.  Ораз Әбішев атындағы жүлде «Атакәсіп» деректі фильмі­нің режиссері Берік Жахановқа бұ­­йырды. 

«Бастаудың» негізгі қазылар алқасымен қатар Бело­руссия, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның өкілдері топтастырылған студенттік қазылар алқасы да жұмыс істе­ген болатын. Бұл қазылар алқасын VI халық­аралық «Бастау» кинофестивалінің бас жүл­­десін жеңіп алған испаниялық режиссер Яго Матео басқарды. Студенттік қазылар алқасының Гран-приін Қазақстаннан қатысқан Әлішер Жәдігеровтің «Отау» фильміне табыстап, ерекше аталымды сингапурлық режиссер Тэнг Ван Синьнің «Ақ қалампыр» картинасына берді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ