Аймақтар • 13 Қараша, 2018

Бақыршық жармалықтарды жұмыспен қамтып отыр

1307 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жарма ауданында орын тепкен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» биыл маусым айында іске қосылды. 2014 жылы Ресейдің «Полиметалл» компаниясы аталған кен орнын игеруге инвестор ретінде тартылған болатын. Төрт жылдың ішінде Бақыршықтың алтынын игеру жобасы жасалып, кәсіпорынның цехтары мен жұмысшылар қалашығы бой көтерді.

Бақыршық жармалықтарды жұмыспен қамтып отыр

Бақыршық кені құрылымы жөнінен аса күрделі түзілім саналады. Қазылған кеннің 20 тоннасынан 7,7 грамм алтын өңделеді деген есеп бар. Мұндағы таза алтын қоры 280 тонна деп бағаланған. Соңғы 50 жылда Бақыршық кенін игеруге көптеген компаниялар күш салды. Соның ешбірі оның кілтін таба алмаған. Бұл кәсіпорынның ашылуы тек Әуезов кенті үшін ғана емес, бүкіл Жарма ауданы үшін тарихи оқиға. Қазір Әуезов кентінде жұмыссыздық атымен жоқ. Компания төрт жылда бюджетке 4,5 млрд теңге салық түсірді.

Жақында облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында» болып, биыл іске қосылған фабриканың жұмысымен танысқан-ды. Өндіріс орнының директоры Юрий Овчинниковтың айтуынша, бүгінде мұнда жылына екі миллион тонна кен игеруге мүмкіндік беретін тау-кен байыту кешенінің құрылысын жүргізу жобасы жүзеге асырылуда. Жазда іске қосылған кәсіпорында қыркүйек айында алғашқы концентраттағы алтын алынған. Фабрикада бүгінге дейін 300 мыңнан астам тонна кен өңделіп, одан алынған құрамында алтыны бар концентраттың мөлшері 13 мың тоннаға дейін жеткен. Бастапқыда кәсіпорын толық қуатына 2019 жылы енеді деп жоспарланған. Алайда қазірдің өзінде фабрика бұл межеге жетіп қойды деу­ге болады. Болжам бойынша Бақыршықта жылына он тонна алтын өндірілмек. Тағы бір айта кетер жайт, алғашқы он жылда кен ашық әдіспен өндірілсе, екінші кезеңде 20 жылдан астам уақыт бойы шахталық тәсілмен игеріледі. Қазір кәсіпорында 1907 адам еңбек етуде. Оның 97,2 пайызы Қазақстан азаматтары, шамамен 40 пайызы – Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардың тұрғындары. 

Үкімет басшысы кәсіп­орында салтанатты жағдайда іске қосылған «Қызыл» атты жа­ңа жобаның тұсаукесеріне қаты­сып, өндірілген өнімнің алғаш­қы тоннасына өз бағасын берген еді. Аталған жоба бола­шақта алтын мен өзге де қазба бай­лықтарын барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және саудалау жұмыстарын кешенді жүргі­зуге мүмкіндік береді. Жобаға тартылған жалпы инвес­тиция көлемі шамамен – 103 мил­лиард теңге.

19 қазан күні кәсіпорын 4,5 ша­қырымға созылған теміржолды салып бітіріп, ресми түрде іске қосты. Қазірдің өзінде 9 стансалық теміржол мен әкімшілік-техникалық ғимарат, жанар-жағармай сақтайтын қойма салынып бітті. Теміржол тар­тылған аумақ бұған дейін сор­таң топырағы желге ұшып бос жатқан жер бола­тын, айдалаға теміржол тарту жұ­мыс­тары екі жылға созылыпты. «Бақыршықтың» кен өңдеу қуаты күн сайын кеңейіп келеді. Сон­дықтан байытылған кенді та­сымалдау үшін теміржол ауа­дай қажет. Өйткені фабрика жыл сайын 130 мың тоннаға дейін дайын өнімді өндіріп шыға алады. «Теміржол­дың ашылуы біз үшін өте маңыз­ды. Тұтынушыларымызға шы­ғарған өнімімізді дер кезін­де жеткізіп отыруға жол ашылады әрі кәсіпорынға ке­рек-жарақты да теміржол арқы­лы жеткізе аламыз. Соның арқа­сында шы­ғындар азаяды. Аймақтың климаты суық екені бел­гілі, қыста жолдарды қар ба­сып қалады. Ал теміржол таби­ғатқа дес бере қоймайды», дей­ді «Бақыршық тау-кен кәсіп­орны» ЖШС директоры Ю.Ов­чин­ников.

Оның айтуынша, темір­жолды салуға жарты мил­лиард теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Тартылған те­міржол Жарма ауданының да­муына зор үлес қоспақ. Әсі­ресе Әуезов пен Ша­ла­бай кент­терінің, Шар қаласының тұрғындары үшін пайдасы көп. Біріншіден, аудан халқын жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Бір ғана теміржол тер­­ми­налының өзіне 42 адам жұ­мысқа орналасса, жанар-жағар­май қоймасына тағы 21 тұрғын қызметке алыныпты. «Теміржолдың ашылуы аудан мен ауыл халқына зор үміт сый­лады. «Бақыршық тау-кен кәсіп­орны» ашылғаннан бері халық­тың болашаққа деген сенімі оя­нып, өмір сүруге деген құш­тар­лығы артты. Кәсіп­орын әлеу­меттік нысандарды салуға, жөндеуге, ауыл­ды абаттан­дыруға үлкен көңіл бөлуде. Әуезов кентінің су құбыры мен электр желісі бас­тан-аяқ жаңар­тылды. Ескі жылу қазандығы алынып, орнына заманауи талап­тарға сай жаңа қазандық салын­ды. Атал­ған жо­балардың өзі­не ғана компания 2 миллиард тең­ге­­ден астам қаржы құйды. «По­­ли­­ме­талл» компаниясына риза­­шы­­лы­­­ғымызды білдіргіміз келеді», дейді Шалабай ауыл­дық округінің әкімі Жанар Есембаева. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 

Жарма ауданы