Қазақстан • 13 Қараша, 2018

Тұрмыстық қатты қалдықтар адамдардың қажетіне жарай бастады

1308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет-конференцияда облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова айтты.

Тұрмыстық қатты қалдықтар адамдардың қажетіне жарай бастады

– Мемлекет басшысы Жолдауда «Шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді» тапсырды. Қазіргі таңда тиісті жұмыс атқарылуда. 9 ай ішінде 120 мың тонна қалдық жиналып, оның 3040 тоннасы пайдаға жаратылды, – деді Марат Ердәулетұлы.

Облыстағы «Ыбырайхан және К-ЛТД» компаниясы 2004 жылдан бері қатты қалдықтар айналымын басқару ісімен айналысып келеді. Өзге кәсіпкерлер де тұрмыстық қатты қалдықтардан шатыр жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап жатыр.

«Эко-Н Сервис», «ТемірЖас Group» ЖШС істен шыққан, құрамында жарамсыз сынабы бар шамдарды залалсыздандыруды жүзеге асырып келеді. Қармақшы ауданындағы «СтройСервис» серіктестігі аудан тұрғындарынан және көрші аудандардан полиэтилен пакеттерді қабылдап, пластмасса труба шығаруды жоспарлап отыр.

Өркениетті елдерде тұрмыс қалдықтарын өңдеп, ел қажетіне жарату әлімсақтан бар. Жапония сияқты мемлекеттер жарамсыз қалдықтарды пресстеп мұхит шайған жағалауды бекітіп жатыр. Еуропа қалдықты өңдеп, қалдық қалдырмайды. Сол жақсы үдеріс бізге де жетті.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы