Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Тәжірибемізбен бөлісуге даярмыз

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәжірибемізбен бөлісуге даярмыз

Қазақстан Республикасы Прези­денті Н.Назарбаевтың Қазақ­стан халқына жыл сайын­ғы Жолдауы еліміз үшін маңы­зы зор оқиға саналады. 2018 жылғы 5 қазандағы Жол­дауында Мемлекет басшысы медици­налық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатындығын атап өтті.

Біздің «Ұлттық нейрохирургия орталығында» Жолдауда айтылған негізгі тапсырма­лар талқыланған отырыс өткі­зі­ліп, халыққа көрсетілетін меди­ци­налық көмектің сапасын жо­ғары­лату мақсатында 2019 жылы орталықта атқарылатын бір­қатар жұмыс жоспары сарапталды. Өйткені алдағы жылы клиникада маңызы мен мәні астасып жатқан жаңа технологияларды енгізу жоспарлануда. Олардың қатарында орталық жүйке жүйесі ауруларын стеретаксисті қолданумен гамма пышақ құрылғысында радиохирургиялық емдеу эпилепсия кезінде хирургиялық ара­ласулар ауқымын ұлғайту ми бағаны ісіктерінің стерео­так­сиялық биопсиясы сынды ауқымды, әрі халыққа өте қажет технологиялар бар.

Орталық жүйке жүйесі ауру­­ларын стеретаксисті қол­дау ар­қылы Гамма пышақ (Gamma Knife) құрылғысында радио­хи­рур­гиялық емдеуді енгізу ми­дың ісіктері мен зақымданған тамырларын емдеуге мүмкіндік береді. Аталған қондырғыны қолданудың мәні ми ісіктері мен қантамыр патологияларын хирургиялық араласуларсыз, радиохирургиялық гамма-сәулелендіру жолымен емдеу­ден тұрады. Бұл пациенттер үшін өте тиімді әрі қауіпсіз саналады. Осы әдіспен бір науқасты ем­­деу шетелде шамамен 20-50 мың еуро тұратын болса, ал біз­­дің орталықта мұндай ем жүр­­гізуді айтарлықтай арзан ету жоспарланып, сонымен қа­тар оны жүзеге асыру квота шең­­берін­де қарастырылмақ. Бүг­ін­­­гі таңда «Гамма-пышақ» нейро­­­­хи­рургиялық тәжірибедегі ра­­ди­о­­­хи­рургияның жоғары дәл­­­дік­тегі «алтын» стандарты болып отыр.

Медициналық қызметтер са­па­­сын жақсарту бойынша жүр­­­гізілетін жұмыс аясын­да ор­­талық әрбір үш жыл са­йын ме­­ди­­ц­иналық көмек сапа­сының жо­ғары стандартын растайтын JCI Халықаралық біріккен комис­­сиясының серти­фикаттауы­нан табысты өтіп келеді. Алда тағы бір осындай сыннан өту мер­зі­мі таянуына байланысты JCI Ха­лық­­аралық біріккен комис­сия­сы­ның сертификаттауынан қай­та өтуге орай 2019 жылға үл­кен жұмыс ауқымы жоспарлануда.

Бұған қоса, орталықта кли­ни­калық жұмыстан бөлек ғылы­ми және білім беру қызметі бірік­тірілгенін де атап өткен жөн. Жыл сайын орталық базасында 1500-ден аса маман, соның ішін­де облыс аймақтарының дәрі­гер­лері де қайта даярлау мен жұ­мыс орнында тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырады. Өйт­кені аймақтарда еңбек ететін маман­дардың біліктілігі тө­мен деңгейде болса өңірлерге меди­ци­налық технологиялар «трансфертін» жүзеге асыруда қиындықтар туындайды. Ал қайта даярлаудан өткен мамандар медтехнологияларды облыстарға трансферттеудің бір кепілі. Сонымен бірге аса маңызды бағыттың бірі нейрохирургия және неврология бойынша резидентура тыңдаушыларын даярлау жұмысы жолға қойыл­ды. Біздің клиника, әлеуетінде ғылым мен тәжірибенің өзекті тақырыптарына арналған шебер-сыныптар мен кездесулері, жас ғалымдар конференциясын жү­йелі түрде өткізуге мүм­кін­­ді­гі барлығы аян. Бұл жас ғалым­дар үшін таптырмас алаң деп есептейміз.

Жолдауда «Осыған дейін жа­сал­ған кардиологиялық және ней­­ро­хирургиялық кластерлер­дің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғы­лы­ми онкологиялық орталық­тың құры­лысын бастау керек» деп көр­сетілгендей, біз орталықта қа­лып­тасқан емдеу жұмыстары, ғы­лы­ми ізденістер мен жаңа тех­но­ло­гияларды енгізу арқылы адам денсаулығын сақтауда атқарылған ісімізбен бөлісуге әркез даярмыз. 

Серік АҚШОЛАҚОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы