Білім • 14 Қараша, 2018

26 мың медицина маманын қанат қақтырған қара шаңырақ

718 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Білікті дәрігерлерді даярлайтын еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Семей медицина университеті 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Атаулы дата аясында екі күнге созылған «Медициналық білімді, ғылымды және практиканы жаңғыртудағы заманауи инновациялық әдістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.   

26 мың медицина маманын қанат қақтырған қара шаңырақ

7 ректор мен 284 бас дәрігерді түлеткен мекеме

Шаһардағы Абай атындағы театр­да шымылдығын түрген халықаралық конференцияның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов сөз алып, университет ұжымын мерейлі мерей­тойымен құттықтады.

«Семей медицина университеті елі­міздің барлық өңірінде, таяу және алыс шетелдерде сұранысқа ие білікті ма­ман­дар дайындайды. 65 жылда оқу орны елімізде және шетелдерде та­быс­ты жұмыс істеп жүрген 26 мыңнан ас­­там маманды түлетті. Олардың ішінде жо­ғ­ары оқу орнының 7 ректоры, 26 ден­сау­­лық сақтау басқармасының басшысы, 85 Ден­саулық сақтау министрлігінің қыз­мет­кері, 284 бас дәрігер, 383 доцент пен профессор бар. Осы жылдар ішінде оқу орны 249 ғылым кандидатын, 65 ғылым докторын, 69 PhD докторы мен 213 магистрді қанат қақтырды. Университет түлектері Жапонияда, Аме­рикада, Үн­ді­станда, Палестинада, Суданда, Ма­ро­ккода, Иорданияда, Израиль­де, Си­рия­да, Ресейде, өзге де мем­­ле­­кет­т­ерде үлк­ен сұранысқа ие. Қазіргі таң­да уни­вер­ситет қарқынды да­мып, мате­риал­дық-техникалық базасы ны­­ғай­­тылу­да, жаңа технологиялар ен­гі­зі­­луде. Шет­ел­дік оқу орындарымен әріп­­те­стік ынты­мақ­тастықтың көкжиегі ке­ңе­йіп келеді»,  деді министрліктің жауап­ты хатшысы.

Құттықтаудан кейін Болат Тұрғанұлы университеттің бірнеше қызметкері мен ардагеріне «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбел­гілерін, «Еңбек ардагері» медалін және Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті. 

Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аймақ басшысы Даниал Ах­метовтің құттықтау хатын оқып беріп, Семей медицина университетінің өңірдің денсаулық сақтау саласындағы алатын орнының зор екендігін атап өтті.

«Облыс басшылығы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөледі. Өңір медицинасына жаңа технологиялар келіп жатыр. Жаңа технологиялар білікті мамандарды қажет етеді. Бұл ретте біз Семей медицина университетінің түлектеріне үлкен сенім артамыз. Мен университет түлектері елімізде, шетелдерде ғана емес, өзіміздің облыста да айрықша сұранысқа ие екендігін айтқым келеді», деді ол. 

Конференция барысында университет ұжымын оқу орнының серіктестері – АҚШ-тағы Сент-Луис университеті ортопедиялық хирургия департаментінің директоры Жолдас Құлжанов, Түркия Республикасының Башкент университеті медицина факультетінің деканы Халдун Ибрахим, Астанадағы онкология диспан­сері­нің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев пен Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Мұхиттың арғы жағынан арнайы ат арытып келген Жолдас Құлжанов университет ректоры Ерсін Жүнісовке оқу орнының ғаламшардағы жұлдыздардың біріне ие болғандығын айғақтайтын сертификатты тапсырды. Сонымен қатар өз кезегінде білім ордасының басшысы Е.Жүнісов Жолдас Құлжановқа Жа­по­нияның Нагасаки университеті депар­таментінің басшысы, профессор Масахиро Накашима мен Назарбаев Уни­­вер­ситеттің Өмір туралы ғылымдар орта­лы­ғының ғылыми қызметкері Айнұр Ақыл­жановаға университеттің Құрметті профессоры атағын табыс етті. 

Әуелде 300 студент болған, бүгінде 5 мыңнан асады

Медицина мамандарының ұстахана­сына айналған қара шаңырақтың мерейтойында осы оқу орнының іргетасын қалас­қан университеттің тұңғыш түлек­тері де мінберге көтеріліп, өткен күндерге көз жүгіртіп, тебірене естелік айтты.

«1953 жылы, яғни университет студенттерді қабылдаған жылы 300 студент ең алғаш рет лекция тыңдадық. Аудиторияның залдарын өз қолымызбен жуып, сабаққа дайын­дадық. Алғаш рет ашылғандықтан болар, 300 студенттің деңгейі әртүрлі болды. 17 жастан 35 жасқа дейінгі студенттердің арасында қазақтар да, орыс­тар да, немістер де, чешендер де, ингуш­тар да, қарашайлар да, гректер де болды. Белоруссия, Украина, Қиыр Шығыс пен Өзбекстаннан да келіп оқыды. Бізге бақытымызға қарай, басқа елден көзқарасы үшін жер аударылып келген мықты профессорлар сабақ берді. Ең қызығы, біз қазіргі университеттің бас ғимаратының іргетасын қалауға ат­салыстық. Музыкамен, прожектор жа­ры­ғымен күндіз де, түнде де жұмыс істе­дік. Сонда да таңертең сабақтан қал­май­тынбыз. Осы жылдар аралығында уни­вер­ситетімізді 10 ректор басқарыпты. Солар­дың ішінде Василий Бобов есімін ілти­патпен еске аламыз. Ол кісі оқу орнын салу мәселесі мемлекеттік деңгей­де қаралған кезде университеттің Өске­мен­де емес, Семейде ашылуына ықпал етіп, осы ұстанымын соңына дейін қорғаған. Он ректордың соңғы үшеуі – біздің түлектер. Төлеген Райысов ең қиын, ауыр жылдары университетті сақ­тап қалды. Ең үлкен еңбегі – осы. Төлеу­бай Рахыпбеков оқу орнын биік белес­терге шығарды. Университеттің өз ма­рапаты – «Алтын скальпель» сый­лы­­­ғын тағайындады. «Ақылман» кеңесі құ­рыл­­­ды. Үшінші басшымыз Ерсін Тұр­сын­­хан­ұлының алғашқы қадамдары қуан­­т­ады. Шетелдік оқу орындарымен байл­аныс­ты нығайтып, басқарудың жаңа модел­ін қалыптастыруға күш салып жатыр. Үл­кен сенім артамыз», деді оқу орны­ның ең алғашқы түлегі, универ­си­тет­­тің рев­ма­то­логия және жұқпалы емес аурулар кафед­расының профессоры Райфа Иванова.

Халықаралық конференцияның ал­ғашқ­ы күнін университет ректоры Ерсін Жүнісов өзі қорытындылап, 65 жыл­дық тағылымды тарихы бар қасиетті шаңырақтың өткені мен бүгіні, келешегі турасында баяндама жасады. Қазір университетте бакалавриат, резидентура, м­а­гис­т­ратура және докторантураның 34 бағ­­да­р­ламасы бойынша 5209 жас білім алып жат­қанын, олардың арасында Үнді­стан, Пәкі­стан, Тәжікстан, Өзбек­стан, Қы­тай, Ресей, Чехия мен Моң­ғолия ел­дері­­нің өкілдері (20%) бар екенін, білім ор­­да­сында 1494 адам жұмыс істейтінін, оның 60 па­йызын профессорлық-оқыту­шылар құ­ра­мы құрайтындығын тілге тиек етті. 

Мерейтойлық шаралар аясында Семей медицина университетінің қызметкерлері мен білім алушыларына қызмет көрсету орталығы ашылды. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру тұжырымдамасы мен сыбайлас жемқорлықпен күрес және университетті дамыту стратегия­сы шең­берінде жұмысын бастаған орта­лық­тың ашылуына Денсаулық сақ­тау министр­лігінің жауапты хатшысы Б.Төкежанов пен Ресей жаратылыстану академиясының академигі, оқу орнының ардагері С.Тап­бергенов қатысып, лентасын қиды.

Мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ашылып, «бір терезе» қағидасымен жұ­мыс істейтін орталық студенттердің ака­де­мия­лық мәселелері бойынша сапа­­лы қыз­мет көрсетуге, әскери және миг­ра­ция­лық есеп­ке алуды жеңілдетуге арнал­ған. Ор­­та­­лық университет әкімші­лігі мен сту­дент­­тердің, оқу орны қызмет­кер­лерінің жа­ңа фор­­матта байланыс жасауына, жедел әрі са­палы қызмет алуына мүмкіндік береді. 

Конференцияның екінші күнінде әр жерде өткен секциялық отырыстар­да алыс және жақыннан келген қонақтардың және отандық медицина өкілдерінің жасаған баяндамаларының («Шұғыл медицина дамуының заманауи бағыттары», «Клиникалық медицинаның өзекті мәсе­лелері», «Ядролық медицина және он­кология», «Хирургияның және трав­мо­то­ло­гияның өзекті мәселелері», «Кар­дио­логияның заманауи мәселелері», «Қоғам­дық денсаулық сақтау. Гигиена. Экология», «Дербестендірілген және зертханалық медицинаның заманауи трендтері», «Медициналық білім берудегі инновациялық технологиялар») 9-ы іріктеліп алынып, жиналғандардың назарына ұсынылды. 

Атап айтар болсақ, Халдун Ибрахим­нің (Башкент университеті, Түркия), Дариға Мусинаның (Семей медицина университеті), Аян Әбдірахмановтың (Ұлт­тық ғылыми кардиохирургия орта­лығы), Лука Брузатидің (Италия), Йоши­хиро Носоның (Шимане универ­си­теті, Жапония), Ұлықбек Қайыровт­ың (Назарбаев Университет), Куно Ле­ман­ның (Швейцария), Айман Керім­құлова­ның (Астана медицина универ­си­теті), Айнұр Ақылжанованың (Назарбаев Университет) баяндамаларын кон­ф­ерен­цияға қатысушылар қызыға тыңдады.

Мерейтойлық шараларға әлемнің білгір ғалымдары мен профессорлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, дүние жүзінің медицина саласының қайраткерлері, денсаулық сақтау саласын дамытудың, электронды денсаулық сақтау республикалық орталықтарының жетекшілері, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары емханаларының барлық бас дәрігерлері қатысты. АҚШ, Жапония мен Түркиядан келген профессорлар шеберлік сабақтарын өткізді.

Түркияның Башкент университеті ме­ди­циналық білім беру кафедрасының кеңес­шісі Фазыл Гюрел өзінің шеберлік-саба­ғында жоғары медициналық оқу орын­дары­ның білім беру процесіндегі ме­то­ди­калық негіздерді жетілдіру жайын­да кеңінен әңгімелесе, Жапонияның Хи­ро­сима университетінің PhD докторы Маса­хару Хоши «Психатрия» және «Балалар психатриясы» мамандығының 1 және 2 оқу жылының резиденттерімен өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар адамдарды зерттеу мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Университеттің жапон ғалымдарымен ынтымақтастығының берік қалыптас­қанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Олар жыл сайын шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады екен. 

Үш күнге созылған мерейтойлық конференция соңында секциялық отырыс­тар мен қорытынды пленарлық жиында айтылған ұтымды ұсыныстар негізінде әзірленген қарар қабылданды. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ