Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Көкшетауда жылу-электр орталығы салынады

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында жылу-электр орталығының құрылысы қолға алынбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Көкшетауда жылу-электр орталығы салынады

Жобаны «Дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қолға алмақ. Жобаны жүзеге асыруға 4 инвестициялық компания тілек білдірген. Таңдау «Дән» серіктестігіне түсіпті.

Компания басшысы Нариман Битаковтың айтуына қарағанда, жылу-электр орталығында сағатына 180 МВт электр қуаты және 450 Гкал жылу қуаты өндірілетін болады. Іске қосылған кезде тұрғын үйлер мен өнеркәсіп нысандарын электр қуаты, жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2023 жылы толық аяқталмақ.

– Облыс орталығында жылу-электр орталығын салу туралы келісімшарт жасау бізге Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Орталықта әлемнің ең үздік технологиясы қолданылады. Осы жай экологияға зиян тигізбей, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Нариман Битаков. 

Қазіргі кезде жер телімі бөлініп, барлық техникалық шарттар жасалған. Экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар өткізілген. Жылу-электр орталығын жобалау кезінде қазақстандық өндіріс материалдарын молынан пайдалану қарастырылған.

Жылу-электр орталығы қатты отынмен ғана емес, газбен  де жұмыс істейтін болады. Пайдалану кезінде жылыжай кешені мен темір-бетон бұйымдарын дайындайтын зауыт салу сияқты қосымша жобаларды да жүзеге асыру жоспарлануда.

Компания басшылары бұл жобаны Словенияның «Лука инжиниринг» компаниясымен бірлесіп, инвестиция тарту арқылы жүзеге асырмақ. Жобаның құны шамамен 176 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары кезінде 700-900 адам, ал, пайдалануға берілгеннен кейін 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы