Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Батыс Қазақстан облысында тағы бірнеше кәсіпорын жалақы өсірді

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында тағы бірнеше кәсіпорын төмен жалақы алатын қызметкерлерінің жалақысын өсіретіні туралы хабарлады. Осы арқылы компания басшылары Елбасының Жолдауында айтылған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» бастамасына қолдау көрсетуде. 

Батыс Қазақстан облысында тағы бірнеше кәсіпорын жалақы өсірді

Ең алдымен «Ақсайгазсервис» акционерлік қоғамы кәсіпорындағы жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысын 20%-ға көтеру туралы шешім қабылдады.

Қарашығанақ кенішінде, сондай-ақ Қашаған, Шынар (Чинарев) және Теңіз кен орындарында мұнай мен газды өндіру, өңдеу және тасымалдау нысандарын жайластырып, жоғары технологиялық сервистік қызмет көрсететін «Ақсайгазсервис» компаниясында 1800 адам қызмет етеді. Бұл – Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі жергілікті 100% қазақстандық компания.

- Біз Ұлт Көшбасшысының бастамасын толығымен қолдаймыз. Кәсіпорында салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын 327 қызметкеріміздің жалақысын биылғы қараша айынан бастап-ақ көтеруге шешім қабылдадық. Бұл үшін кәсіпорын бюджетінен қосымша айына 3,5 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Сөйтіп, біз жылына 41 млн. теңгеден астам қаражатты жалақы өсіруге жұмсағалы отырмыз, - дейді компания президенті Тілек Шектібаев.

Өңірдегі «Гидроприбор» АҚ, «Стройкомбинат», «Орал механика зауыты», «Жайыкагро-ЛТД» ЖШС-лары, «Уральскагрореммаш», Нұржанар» акционерлік қоғамдары, «Стекло Сервис», «Казармапром», «ТМК-Казтрубпром», «Аяз», «Квант» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де өз қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, табыс пен тұрмыс сапарын арттыруға ден қойған. Бұл аталған кәсіпорындарда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көтеріліп, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден жоғары болмақ.

- Жаңа жылдан бастап «Квант» ЖШС-ндағы ең төменгі жалақы мөлшері 61 мың теңге болады. Біз мемлекеттік қолдауы арқасында корпусты жиһаз жасайтын жаңа фабрика ашып отырмыз. Цехтарымыз ең заманауи жабдық саналатын германдық «Hомаg», италияндық «Griggiо» құралдарымен жарақтанған, - дейді кәсіпорын басшысы Дмитрий Пшеничный.

Оралда жүн өңдеп, пима, киіз секілді түрлі бұйым шығаратын «Аяз» компаниясы ең көне өндіріс орындарының қатарында. Қыс жақындап, күн суытқанда «Аяздың» өніміне сұраныс та артады. Айта кетейік, «Аяз» кәсіпорны бүгінде металл «сүйекті» киізүй, жорық лашықтары, сауда қатарлары, мұнай-газ, агросектор, төтеншеліктер т.б. сала қызметкерлері үшін арнайы киімдер шығарып, көпшілік көңілінен шығып жүр. 

- Біз халықтың әл-ауқатын арттыру туралы Елбасы бастамасын толығымен қолдаймыз. Өз тарапымыздан күні бүгін 38 мың теңге жалақы алып жүрген 26 қызметкеріміздің айлық табысын 60 мың теңгеге көтеруге шешім қабылдап отырмыз. Көріп отырғандай, жалақы екі есеге жуық көтерілмек, - дейді компания директоры Амангелді Ермекқалиев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»