Қаржы • 15 Қараша, 2018

Банк секторы 2020 жылға дайын ба?

562 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болғаннан кейін бес жыл ішінде шетелдік банк­терге ішкі нарықта тікелей бөлімшелерін ашуға рұқсат ету міндеттемесін алған еді. Яғни, 2020 жылдан бастап шетелдік кез келген банк Қазақстанда өз бөлімшесін ашып, жұмыс істей бермек. Бұл біздің банктердің биз­несіне, депозит пен несие пайызына қалай әсер етуі мүм­кін деген сауал көпшілікті қазірден алаңдатуда. Дегенмен, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер бұған дайындықты біраз уақыт бұрын бастап кеткен.      

Банк секторы 2020 жылға дайын ба?

Саладағы монополияның астары

Дүниежүзілік сауда ұйымы­ның мүшесі болу отандық бизнеске тиімді болғанымен, банк секторы ішкі нарықтағы өз орнын сақтап қалу үшін бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол, бір жағынан жалпы капиталының көлемі болса, екінші жағынан депозит пен несие пайызының барынша жеңілдігі. Бірер жыл бұрынғы дағдарыс кезінде Үкімет банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлгені есімізде. Бұл үрдіс биыл да сақталды. Тіпті биылғы Жол­дауда арнайы аталып, зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігі банктерге қарызға берілетін болып шешілген. Мемлекеттің банк секторын бұлай көтермелеуін Үкімет саланы сауықтыру, ша­ғын және орта бизнесті қолдау деп түсіндіреді. Дегенмен оның ас­тарында 2020 жылға дайындық та бар секілді. Яғни, күні ертең шетелдік банктер ірі портфелімен, арзан несиесімен және тиімді депозиттік сыйақымен кіргенде біздің банктер көлеңкеде қалып қоймасын дегені. 

Олай дейтініміз, Үкіметтің былтырғы банктерді сауықтыру бағдарламасында Ұлттық қордан бөлінетін қаражат тек ірі банктерге ғана берілуі керек деген талап болды. Ірі болып қана қоймай, Үкіметтің көмегін алу үшін банк қожайындары банктерді қосымша капиталдандыруы керек бол­ды. Бұл сырттан қарағанда ұсақ банк­терге жасалған қиянат болып көрін­генімен, оның астарында эко­номикада рөлі төмен кішігірім «банксымақтарды» нарықтан аластатудың амалына ұқсайды. 

Ұлттық қордың ақшасынан бөлек елдегі банктерді күшейту­дің екінші амалы ретінде мемлекет банктерді біріктіру саясатын жүргізді. Нәтижесінде бірді-екілі ұсақ банктерден бөлек, Қазком мен Халық банкінің қосылғаны да белгілі. Tengri Bank пен Capital Bank, Цесна банк пен Центр Кредит банкінің де қосылатыны айтылғанымен, кейін олар үн­сіз қалды. Ал Қазкомды меншік­теген Халық банктің жалпы ак­тиві 7,9 млрд теңгеге жетіп, іс жү­зін­де нарықтағы монополиске айналды. Қазіргі таңда банк сек­торындағы қаражаттың әрбір үшін­ші теңгесі, яғни нарықтың 34 пайызы осы «супербанкке» тиесілі. 

Отандық банктер халыққа «сеніп алған» ба?

Жалпы қазіргі таңда елдегі екінші деңгейлі 28 банктің 9-ның активі 1 трлн теңгеден асады. Олар «Халықтан» бөлек, Цесна, Каспий, Форте, Центр Кредит, АТФ және Еуразиялық банк пен ресейлік Сбербанк. 

Қазақстандағы банктер негі­зінен қарапайым халыққа арқа сүйейді десек қателеспейміз. Өйт­кені банк саласын­дағы жал­пы активтің жартысынан көбі депозиттегі ақша. Банктер сырт­тан ақша табуға талпына қой­майды. Мәселен, заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар­дың көпшілігі ақша сақтайтын Халық банкте отандық бизнес пен қарапайым халықтың 5,7 трлн теңгесі жатыр. Бұл банк активінің шамамен 70 пайызы. Соның ішінде 3 трлн теңге – халықтың депозиттегі ақша­сы болса, қалған 2,7 трлн теңге – бизнестің қаржысы. 

Банктер активі көлемінің халықтың артық ақшасына тіке­лей байланысты екенінің екінші дәлелі – банк секторын­дағы соң­ғы мәліметтер. Өткен айда ха­лық­­тың депозиттегі ақшасы рекорд­­тық 8,4 трлн теңгеге жетке­нін Ұлттық банк хабарлаған еді. Сол кезде шыққан және бір деректе банк секторының таза табы­сы­ның да былтырғыдан 2,5 есе­ге артқаны айтылды. Бұл тұр­ғыда банктердің үлесі де бірдей. Ха­лық, Каспий мен Сбербанк үш­­ті­­гін­дегі елдің ақшасы көбе­йіп, олар­дың табысы да арта түсті. 

Дегенмен соңғы кезде заңды тұлға­лар­дың банктегі салымдарында айтар­лықтай өзгеріс­тер байқала бастады. Бизнес­­тің кор­поративтік салымның басым бөлігі негізінен Халық, Цесна және Сбербанктерде сақталғанымен, соңғы кез­дері ондағы қара­жат кеміп бара жатыр. Есесіне, ұсақ бизнес өзі­нің артық ақша­сын шағын банктерге сала бастапты. 

Шетелдік банктермен бәсекелесе алуы керек

Таяуда әлеуметтік желіде елдегі белгілі бір экономистің алдағы уақытта Қазақстанда отандық банктерге қарағанда шетелдік банктер саны көп болады деген болжамы жарияланды. Әрине, келер жылы болмаса да, 2020 жылдан бастап шетелдік банктер көбейетіні көпшілікке онсыз да түсінікті. Бірақ мәселе банктің санында емес, сапасында. Қазақстанда қазірдің өзінде Пәкістанның, Қытайдың банктері бар. Бірақ олар осы салада белсенді дей алмаймыз. Тұрақты жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорны бар шығар, бірақ қарапайым халық олардың бар-жоғынан да хабарсыз. Тек Ресейдің банктері ғана қазір отандық қаржы ұйымдарына бәсекелес болып тұр. Әсіресе ипотека нарығында Сбербанк­тің көшбасшы екені жасырын емес. Үй сатудан бөлек, бұл банк шағын және орта бизнеспен де жақсы жұмыс істеп жатыр. 

Жалпы экономиканы несие­леуде Ресей банктері тым бел­сенді. Мәселен, өткен жылы қазақ­стан­дық банктердің несие порт­­фелі азайған кезде Қазақ­стан­дағы Ресейдің банк­тері керісінше қарыз беруді ұлғайт­ты. «Нұрлы жер» секілді мемле­кет­тік бағ­дар­ламаға алғаш болып қа­тыс­қан да Сбербанк. Ал өз бетін­ше қар­жыландыру жағы­нан Сбер­банк негізінен «ірі несие­лер­ді» көбірек береді. Ең бастысы, ре­сейлік банктердің «көзірі» – жыл­дық сыйақы құнының төмен­дігі. Оның себебі, көрші елдегі несиенің салыстыр­малы түрде арзандығы. Жалпы Қазақ­­стандағы несие пайызының берісі Ресей, әрісі Батыс елдеріндегі несие пайы­зынан көп­тігі 2020 жылы шетел­дік банктер ішкі нарыққа кір­ген кезде анық байқалып, банк секторына оның кесірі де тиюі ғажап емес. Оның мысалы жо­ға­рыда аталған Сбербанктің артық­шылықтары. 

Осы орайда, отандық банк сек­торын шетелдік банктермен бә­­се­­кеге қабілетті ету үшін Ұлт­тық қордың қаражаты мен ұсақ банк­тердің бірігуі жеткіліксіз. Бұл шаралар банкті ірілетуге мүм­кіндік бергенімен, қаржы сал­асын­дағы мәселені шешпейді. Нақтырақ айтар болсақ, несие­нің пайызын төмендете алмайды. Ертең шетелдік банктер «арзан ақша» алып келгенде халықтың бәрі со­ларға ауысып кетпеуі үшін Ұлт­­тық банк ең алдымен теңге­нің базалық мөлшерлемесін төмендетуі керек. Рас, 2016 жылдан бері Ұлттық банк базалық мөл­шер­лемені 17 пайыздан 9 пайыз­ға дейін төмендеткен. Алайда қазір бұл көрсеткіш қайта көтеріліп бара жатыр. Базалық мөлшерлемені көтерудегі мақсат теңгенің өзіндік құнын арттыру болуы мүмкін. Дәл осы саясатты қазір Ресей орталық банкі де жүргізіп жатыр. Дегенмен, әл­сіз болса да теңгенің өзіміздің банк­терде сақталғаны дұрыс.  

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»