Қоғам • 15 Қараша, 2018

Көлік инфрақұрылымын жетілдіру көкжиегі

555 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астананың жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында соңғы жылдары кешенді инновациялық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы ITS жобасын пайдалануға ұсынды. ITS жобасы бірнеше кіші жобалық жүйеден тұрады.   

Көлік инфрақұрылымын жетілдіру көкжиегі

Олар: бағдаршам нысандарын бейім­деп басқару; жүргізушілерді хабар­дар ету жүйесі; қоғамдық көлікті дис­пет­черлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі; жол жүру ақысын төлеудің элект­ронды жүйесі; қаланың автотұрақ кеңістігін бақылау жобасы; жол қиылыс­тарын бейнебақылау жүйесі. ITS жобасы бас қаламыздағы бірқатар көшеде реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды жүзеге асырды. Осы жобаны пайдалану нәтижесінде бұл көшелер қиылысының өткізу қабілеті мен көлік ағындарының қозғалыс жылдамдығын орта есеппен 21 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді.

Жол-көлік инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту инновациялық жобаларында қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қаты­насының және жолаушыларға көрсе­тіле­тін қызмет сапасының да ерекше басым­дығы бар екендігі даусыз. Осыған орай елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. «Ақылды қала» әлемдік үдерісіне қосылған Астананың соңғы кезде жүзе­ге асырған ірі жобаларының бірі – «Интел­лектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ). Қала көше­лерімен күн сайын 500 мыңнан астам көлік қатынайтын елордамыз үшін ИКЖ жобасы ауадай қажет.

ИКЖ жобасының негізгі мақсаты жол қилыстарындағы көлік қатынасын оңтайландыру болып табылады. Ең бас­тысы, елордадағы көлік қатынасы­ның жаңа жүйесі қоғамдық көлік қатынасы­на басымдық береді. Жоба толық іске қосыл­ған кезде қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасына барлық мүмкіндіктер жасалып, жолаушылар­дың ешбір кедер­гісіз жүріп-тұруына толық жағ­дай жасалмақ. Жоба бойынша өздері­не бөлінген арнаулы жеке жолақтар­мен жү­ре­тін жедел автобустар қатары көбейеді. Басқаша айтсақ, қоғамдық көліктер көшелердегі көлік тасқынына тәуелді болмай, еркін қатынайды. Бар­лық бағдаршам да олардың кідіріссіз қозғалысына негізделіп қайта жасалады. Осылайша бас қаламызда қоғамдық көлікке басымдық беру үшін барлық шара жасалуда.

2017 жылдың маусым айынан бас­тап, бас қаламыздағы көшелердің 12 учас­кесінде қоғамдық көліктің еркін қоз­ға­лысына арналған Bus Lane жола­ғы іске қосылды. Еске сала кететін бол­сақ, бұған дейін Bus Lane қоғамдық көлік жолағы қала көшелерінің 38,4 шақы­ры­мын құрайтын 11 учаскесінде іс жүзіне асырылған болатын. Сөйтіп, қазір Астана қаласы көшелерінде жалпы ұзындығы 75,9 шақырымды құрайтын арнайы кедергісіз қоғамдық көлік жолы қалыптасты. 

Bus Lane қоғамдық көлік жолағын енгізу автобустар маршруттарының жыл­дам­дығын арттырып, уақытын қыс­қартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзін­де, бұл жоба жол қозғалысы өте жоға­ры Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тұран, Рес­публика даңғылдарындағы, Бей­біт­­шілік көшесіндегі қоғамдық көлік қозға­лысының тиімділігін арттырды. Соны­мен бірге Bus Lane қоғамдық көлік жола­ғы жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қа­лып­тасқан тұрақтардың қысқаруына әкелді.

Келер жылы да бірқатар көшеге қоғамдық көлікке арналған BUS LANE жола­ғын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жол қозғалысы күрделілігін тағы 14 па­йызға жеңілдетпек. Жалпы, елор­да­да қоғамдық көлік жолағын енгі­зу­дің нәтижесінде таңертеңгі және кешкі уақыттарда аялдамадағы жолау­шы­лардың автобустарды күту уақытын 24 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. 

Қала көшелеріндегі кептелектер­ді азай­ту­дың тағы бір тиімді жобасы – бір ба­ғытты жолдарды енгізу. Қазір бас қа­ламыздағы бір бағытты жолдардың ұзындығы 80 шақырымнан асады. Алдағы уақытта бір бағытта ғана қатынайтын жолдардың қатары көбей­тілетін болады. 

Озық технологияларға негізделген ИКЖ жобасы Астанадағы көлік ағы­нының жылдамдығын да арттырды. Маман­дардың айтуынша, бұрын қала көшелеріндегі көлік қозғалысының орташа жылдамдығы сағатына 20 шақырым болса, жоба іске асырыла бастаған 2017 жылы көлік қозғалысының жалпы жылдамдығы сағатына 30 шақырымға жеткен көрінеді. Интеллектуалды көлік жүйесі қозғалысын жүзеге асыру әлемде басымдық берілген үрдістердің бірі болып табылады. Лондон, Мадрид, Абу-Даби сияқты ірі қалаларда іс жүзіне асырылған бұл жоба өзінің тиімділігі мен өркениеттілігін дәлелдеді. Қала халқының саны жыл сайын тұрақты түрде 50 мың адамға көбейіп отыратын Астана үшін көлік қозғалысының жаңа жүйесін қалыптастыру − уақыт талабы.

Қоғамдық көлік жүйесін жақсар­ту­дың тағы бір тиімді жобасы − жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйе­сін енгізу. Аталған жобаның басты мақсаты – елордамыздың жолаушылар тасымалын бұрынғыдан да сапалы әрі жайлы ету. Жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізу (ЖАТЭЖ) Астана қаласының қоғамдық көлік жолау­шыларына төмендегідей артық­шы­лықтарды ұсынады: олар қалта­лары мен әмияндарда ақша, тиындар салып жүру қажеттілігінен босатылады. Сонымен бірге қолма-қол ақша­ның ұрлануын төмендетуге, дербес­тен­діріл­ген карталарды пайдалану мәде­ниетін қалыптастыруға жағдай жасап, 60 минут ішінде жол жүру ақы­сын қос­ым­ша төлеуді қажет етпей, басқа ав­то­бусқа тегін ауысып отыруға мүмкіндік береді. 

Астанада қоғамдық көлікпен жүре­тін халыққа барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету мақсатында қол­ға алынған тағы бір игі жоба – жа­бық типті аялдама павильондарын салу. Аталған жоба бойынша бас қала­мыз­­дың қоғамдық көлік аялдамаларын то­лығымен жаңғырту жұмысы жүр­гізілуде. Яғни, жобаның басты мақ­саты – жолаушыларды жел, жаңбыр, қар және аяз сияқты ауа райының қолай­сыз құбылыстарынан қорғай отырып, аялдамаларда автобус күтуге барынша оңтайлы жағдай жасау. Бүгінгі күні Астанада ондаған жабық типті аялдама павильондары орнатылды. Жалпы, елорданың ең көп жолаушылар қатынайтын және жүктемесі жоғары учаскелерінде барлығы 82 жабық жаңа аялдамалар павильондарын орнату жос­парланып отыр.

Сонымен бірге қазір елорда аялдамаларында 133 табло жұмыс істеп тұр. Осы таблолардың тиімді жұмысының нәтижесінде жолаушылар өздеріне қажетті автобустардың аялдамаларға келу уақытын алдын ала біліп отырады. Astra Bus мобильді қосымшасы жолаушылар үшін автобустардың бағдарын бақылаудың екі нұсқасын ұсынады. Біріншісі – картографиялық бағдар, екіншісі – аялдамаға автобустардың келетін уақытын көрсетіп тұратын табло. Бүгінде бұл мобильді қосымшаларды пайдаланатын қала халқының саны 200 мыңнан асып жығылды. 

Түйіндей айтсақ, бұл заманауи жо­ба­­­лардың басты мақсаты қала көше­леріндегі кедергісіз көлік қатынасына барынша тиімді жағдай жасап, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, жол-көлік мәселесінде астаналықтардың жоғары мәдениетін қалыптастыру болып табылады. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»