Өнер • 15 Қараша, 2018

Жәния жаңа жұлдыздарды жақты

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзінің дүлдүл өнерімен дүние жүзіне танылған талантты тұлға, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова талайларды тарихи-танымдық құндылықтарымен тамсандырған паң Париж төрінде классикалық музыка кешін өткізді. «Франциядағы Қазақстан күзі» әлеуметтік-мәдени жобасы аясындағы аталмыш шараны ұйымдастырған – сол мемлекеттегі өзіміздің Елшілік. 

Жәния жаңа жұлдыздарды жақты

Әрине, бәзбір батыр ба­ба­ларымыз Кутузов әске­рімен бірге барып Се­надан ат суарған, Әміре мен Мұс­тафадай Алаш арыс­тарының ізі қалған қасиетті қаланың әйгілі Әубәкіроваға да жат­тығы жоқ. Мұнда ол бұған дейін де бірнеше рет ат басын бұрған. Белгілі пианиношы осы елде өткен халықаралық Маргарет Лонг және Жак Тибо конкурсында 1983 жылы Гран-приді жеңіп алған. Францияның өнер және әдебиетінің ор­денімен марапатталған.

Отыз жылдан бергі шы­ғармашылық жолында шырқау биіктерге шығып, көрермен көзайымына ай­налған Жәния Жақияқызы Париждің Корто залына жалғыз келмепті. Кіл саң­лақтар самғаған киелі сах­наға бүгінде Еуропада білім алып, жұмыс істеп жүрген дарынды қазақстандық жас­тарды шығарып, талғампаз көпшілікке таныстырды. Атап айтқанда, қазірдің өзін­де беделді бәйгелерді қан­жығаларына байлап үл­герген скрипкашы Ержан Күлібаев, виолончельші Сәния Дүркеева, аккардеон­шы Роман Юсийпей әлем әспеттеген ұлы классик­тер­дің, сондай-ақ заманауи заңғар композиторлардың шығармаларын шырайын шығарып орындады.

Қазақстандық музыкант­тардың қабілет қарымына қайран қалған, француздар қошеметпен қол соқты. «Ғажап! Ғаламат орындау шеберлігіне тәнтіміз. Бах­тың хоралын пианино мен аккардеонның сүйе­мелдеуімен орындалғанын бұ­рын-соңды көрмеген едік. Ке­ремет» дескен көрер­мен таң­данысы біздің мәде­ние­тіміздің мерейін бір өсіріп тастағаны талассыз.

Осыған орай қуанышын жасыра алмаған дара дарын иелерінің бірі Сә­ния Дүркеева кейінгі ізба­сар­ларын қанатының астына алып, қамқорлық танытушы Жәния Әубәкірованың атына алғыс сезімін білдірді. «Ол әйгілі әртіс қана емес, ұлағатты ұстаз да. Осы кісі­лер­дей корифейлері бар ұлт­­тық өнеріміздің көші қа­шанда көрікті болмақ», деді ол ойын түйіндеп.

Қазақтың қадірлі қызы­ның еуропалық туры бұйыр­са, енді Аустрия, Германия және Польша астаналарында жалғаспақ.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»