Тарих • 16 Қараша, 2018

Бас редактор шырқаған «Үкілім-ай»

759 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1959 жылдың бас шамасында «Лениншіл жастың» редактор­лығынан «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасарлығына ауысқандағы Абай Бейсембаевпен қоштасу салтанаты осы күндерде сағынышпен ойға оралады.

Бас редактор шырқаған «Үкілім-ай»

1957 жылы Ташкент педин­ститутының қазақ тілі мен әде­биеті факультетін қызыл дипломмен бітіріп, орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген мен арада бір жыл өтер-өтпесте Алматыға тартайын. Ғажайып қала – Алматыда тамыр-таныс, туыс-туған жоқ. Бар болғаны, көше сыпырсақ та, әлдебір жерге тұяқ ілінсе деген қиял ғана. 

Бірақ, «үмітсіз шайтан», ре­дак­цияларды да жағалап жүр­дік. Бірі – «Лениншіл жас». Ком­му­нист проспектісі мен Горький көшесінің бұрышында.

1958 жылдың шілде айы. Төр­­тінші қабатқа көтеріле бере ал­дым­нан жасы өзімнен үлкендеу жігіт жолыға кетті де, жайраңдай күліп:

– Неғып жүрген жігітсің? – десін.

«Жігіт» дегенінен әсерленіп:

– Жұмыс іздеп жүрген жігіт­пін, – дедім.

– Не жазасың?

Журналистік қазанда қайна­ма­сам да, сірә, фельетон жаза ала­тын шығармын дейтін сандалбай ой болушы еді, соны малданып:

– Фельетон жазамын, – дедім қайдан шықса, одан шықсын деп.

– Онда бері жүр, – деген бейтаныс жігіт кабинетіне ертіп барды да, сыртына редактор ма, біреу «жарамайды» деп баттита жазған (машинкаға басылған) төрт-бес беттік материалды қолыма ұстатып, осыдан фельетон жаса деді. Материалды алдым да, уақытша жалдаған пәтерге асық­тым. Фактілер жарағанмен, жа­зылуы жарамаған фельетон Қарағанды облысындағы Жа­ңа­арқа аудандық атқару коми­тетінің сотқар ұлы жайында екен. Түнімен жазып, таңертеңгі сағат тоғызда редакцияға жеттім. Қол­жазбаны оқыған кешегі жігіт, шамасы, мені журналист деп ойласа керек, «машинкаға диктовка жаса» деді. «Диктовка не?» – деймін. Түсіндірді. Өмірімде тұңғыш рет машинисткалар оты­ратын бөлмеге кіріп, кекселеу әйелдің жанына қонжидым. Кек­селеу дегенмен, өңі таймаған, көзілдірікті, реңді әйел бетіме бұрылып та қарамай:

– Айта бер! – деп зірк етті.

Жазғанымды оқуға кірістім. Сөздерімді ауыздан шығар-шық­паста сақ еткізеді де, «тез» деп бұйырады. Жылдамдатқан бола­мын. Қазақ тілінің маманы бол­ғандықтан, «сызықша», «үтір», «нүкте» деп те қоямын. «Оларды айтпа!», – дейді.

Диктовка бітісімен бейтаныс «бастығыма» апарамын. Ол: «Оқып, қатесін жөнде», – дейді. Оқимын. Қате таппаймын. Соны айтамын. «Жамал апай сауатты ғой», – дейді ол. (Кейіннен Жамал апай атақты Бауыржан Момышұлының жары, белгілі жазушы болған марқұм Бақытжан Момышұлының анасы екенін Бүркіт Ысқақовтан естідім). Мен оқып шығысымен «бастығым» бес беттік фельетонды апыл-ғұпыл алды да, «осында отыра тұр» деп шығып кетті. Көп ұзамай қайта келіп, мені орта бойлы, сирек шашты, ересектеу сары жігіттің кабинетіне ертіп барды. Оның жанында шашы қоюлау, сұңғақ бойлы, қара торы жігіт отыр. 

– Мынаны сен жаздың ба? – деді екеуі екі жақтап. 

– Иә, – деймін төмен қарап.

– Бұрын фельетон жазып па ең?

– Жоқ.

– Онда қалай жаздың?

– Фельетонды ұнатушы едім. Газеттерден оқушы едім. Сей­ділда Төлешовтің «Түрлі-түрлі бастар бар» деген фельтеон жи­нағын оқығанмын.

– Жарайды, Камалдың каби­нетінде бола тұр.

«Камалдың кабинеті... Ол кім? Ә, иә. Кешеден бері бәйек боп жүрген жігіт. Демек, аты Ка­мал». Жалма-жан сонда бардым.

Он адам үйме-жүйме боп отыратын кабинеттің бір шетінде мөлиіп отырмын. Он адам үн-түнсіз сыпылдатып жазып жатыр. Телефон шыр етсе, тұтқаны біреуі алады да, не өзі сөйлеседі, не жанындағы әріптесіне береді. Мен жазған фельетон ертеңіне «Тентек» деген тақырыппен газетке шықты. Сол күні тағы бір фелье­тон жазып, оның ертеңіне ол да шықты.

Үшінші күні Кәмекең:

– Жүр, редакторға барамыз, – деді кабинетке кіріп келген бойда.

Басқа болмаса да, «редактор» дегенді шамалаймын. Газеттің басшысы. Кірдік. Алғаш көрген сирек шашты сары жігіт пен қою шашты қара жігіт те сонда екен. Үшеулеп үш жақтан мақтасын кеп: «Бізде фельетоншы жоқ, сені қызметке аламыз. Жазатының бірыңғай фельетон болады», – деп.
Редактор – Абай Бейсембаев, сирек шашты, сары жігіт – Сапар Байжанов оның орынбасары, қою қара шашты қара торы жігіт – Кәкімжан Қазыбаев жауапты хатшы екен. 

Бір қызығы, фактілері өткір болғанмен, редакцияда жарамай жатқан фельетондар аз емес екен. Осыларды жарат деп, тағы бір-екеуін берді. Біреуі есімде – Арал ауданынан жолданған, авторы Көпжан Жалдыбаев (мен жазған төртінші фельетон сол екеуміздің атымыздан шықты). Жалдыбаевтың жазғанын «мал қылып» әкелген бойда қызметке алу жөнінде бұйрық берілді...

Қанша дегенмен, журналистік оқу оқымағанның салдарынан сүрініп-қабына жүріп қатарға қосылғандай күндер өтіп жатты.

Жігіттер шетінен кішіпейіл, қарапайым. Іші-бауырыңа кіріп, елжіреп тұрады (маған солай көрінді). Мен үгіт-насихат бөлі­мінің меңгерушісі Камал Сма­йы­ловтың қарауындағы екі әдеби қызметкердің бірі болдым. Бірі – Қалихан Ысқақов. Он шақты адам отыратын бөлме тар, қапырық. Қызметкерлермен жа­қынырақ таныстым. Спорт бөлімін басқаратын Сейдахмет Бердіқұлов, жұмысшы жастар – Медеу Сәрсекеев, шаруа жас­тар – Хайдолла Тілемісов, мә­дениет – Бүркіт Ысқақов, әде­би қызметкерлерден – Салық Мол­дахметов, Фермахан Шоева, т.б.

Ұзамай Сапар Байжанов сол жылы ашылған «Мәдениет және тұрмыс» журналына редакторға орынбасар, Кәкімжан Қазыбаев облыстық «Коммунизм туы» (қа­зіргі «Жетісу») газетіне редак­торға орынбасар боп ауыс­ты да, олардың ізінен Абай Бей­сембаев та «Социалистік Қазақ­станға» бірінші орынбасар боп баратын болды. Бәріне де Жазушылар одағының асханасында дастарқан жайылып, қош­тасу рәсімі жасалды. Абай Бейсембаевқа көрсетілген құрмет ерекше есте. Әзіл-қалжың, ән-күй. Қызметкерлердің көбі өнер­лі. Хайдолла Тілемісов, Бек Тоғысбаевтар керемет ән салды, екеуі де кәсіби әншілерден ілгері болмаса, кейін емес. Бір кез­де дуылдаған жұрт: «Әбеке! «Үкілім-айды» айтыңызшы!»,  деп тұс-тұстан жамырасын. Бет-аузы сәл қызарғандай болған Әбекең біраз үндемей отырды да, орнынан «жарайды» деп тұрып, жұрт қалаған әнді салды. «Үкілім-ай». Бұған дейін анда-санда Байғали Досымжановтың орындауында радиодан еститін ән төресі. Пах!..

Былай сырттай қарағанда ән салатын адамға ұқсай бер­мейтін Әбекеңнің сол кештегі әншілік қыры ерекше көрінді. Нақышымен, бабымен, нәзік сезім, жүрекпен шырқады. Бұған қазір біреу сенсе, біреу сенбес, бәлкім. Бірақ, сол кешке қатысқан менен бөлек те көзі тірі куәлар жоқ емес. Құдайлығын айтам десе, өздері білер. «Үкілім-ай». Сол кездерде сирек орындалып, кейін мүлде ешкім айтпай, ұмытылды деуге болғандай інжу-маржан. Егер ол қандай ән, шынымен солай ма деген күдігің болса, есіре бермей, таза пейілмен «Үкілім-айды» үйрен, үйрен де шырқа. «Үкілім-ай» біржола ұмыт қалды демейміз. Қайта шарықтасын. Оған өнер­сүйер барша қазақ, сен де үлес қос. Сен де!.. Сен де!.. 
Қайран, Абай аға! Ұстаз! Рухың шат болсын!..

Зәкір АСАБАЕВ,

жазушы