Медицина • 16 Қараша, 2018

Өмірге құштарлықтың ерен үлгісі

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасы отызға да толмаған жас кәсіпкер Нұрболат Қа­ра­басов­тың өмірін қай­сар­лықтың, өмірге деген құш­тарлықтың ерен үл­гісі дер едік.  

Өмірге құштарлықтың ерен үлгісі

Біздің ке­йіп­керіміз 1989 жылы туған қа­зіргі Түр­­кістан облысы, Са­ры­ағаш ауданының тумасы. Мектепті тезірек біті­ріп, жоғары оқу орнына тү­сіп, ата-анама қолғабыс ет­сем, биік белестерді ба­ғын­­­­дырсам деген асқақ ар­ман­­­­­дардың жетегінде жүр­ген бозбаланың өмірі аяқ ас­тынан күрт өзгеретінін кім біл­ген?! 

Ол 2006 жылдың 14 ақ­па­нында көлік апатына ұшы­рап, мүгедектер арбасына­ та­ңылды. Алаңсыз албырт жас­тықтың тәтті кездерін енді көре бастаған шағында бұл оқи­ға оған үлкен соққы болды. Кеу­де омыртқасының жұлын жа­рақатының салдарынан де­несінің төменгі жағының то­лық парализациясы диагнозы қойылып, Нұрболат бірінші топ­та­ғы мүгедектер қатарына қосыл­­­ды. Ол қай­ғылы жағдайға ұшы­ра­ғанда небәрі 16 жаста еді. ­Дә­рігерлер қойған ауыр диаг­ноз, арбаға таңылған тағ­дыр... Барлық қуанышты күндері көзінен бұлбұл ұшып, көз алдын тек қара түнек басқандай. Тепсе темір үзе­тін кезінде мүгедектер ар­басында отыру ауыр тиді, үйден шыға алмай, төрт қа­бырға ішінде мәнсіз 6 жыл өмірін өткізген.

Нұрболат Берікбайұлы 2015 жылы Талдықорған қаласында «Асар» оңалту ор­талығының ашылғанын кездейсоқ естіді. Сөй­тіп қайт­­сем де еңсемді көтеруім ке­рек деп, осы орталыққа ба­руға шешім қабылдаған. Осылайша арман жетегіне еріп, Жетісу өңі­­ріне барды. Әрине бөтен қа­­ла­ға үйрену жалғыз өзіне қиын соққаны рас. Алайда, таби­ғатынан ақкөңіл, өзгелермен тез тіл табысатын қасиетінің ар­қа­сында жаңа ортада көп дос­тар тапты. 10 жыл арбаға та­ңыл­ғаннан кейін алдымен ең­бек­теп үйреніп, кейін лангет ар­қылы аяғымен тұра бас­тады. Оңал­ту орталығында жүріп қол қусырып отырған жоқ. Қосымша жұмыстарға атсалысты, қаланың түрлі қоғамдық іс-шараларына қатысып, өз азаматтық позициясын білдіріп, белсенділік танытып жүреді. Қанша қиындықты басынан өткізсе де, бұл өңірге келгеніне еш өкінген емес.

«Тас түскен жеріне ауыр»­ демек­ші, Нұрболат үшін күн­де­лікті қоларбамен жал­ғыз жүру қиын болған­дық­тан, ол өзі сияқ­ты жан­дарға қала ішінде өзді­гінен жүріп-тұруға, тəуелсіз се­зі­нуіне кө­мектесу керек де­­ген ойға ке­леді. «Ер­лік» қоғамдық бірлес­ті­гін­де диспетчердің кө­мек­­шісі, одан кейін «Ав­товолонтерлер» жо­басында диспетчер болып жұмыс істеді. 

2017 жылы Нұрболат Zhasproject жобасы жайында естиді. Оның көкейінде көптен бері жүрген бір идея – мүмкіндігі шектеулі жан­дардың еркін жүріп-тұ­руына мүмкіндік жасау еді. Осы мақсатына қол жеткізу үшін бизнес жоба жасап, жаңа жо­баға қатысу туралы шешім қа­былдады. Қайсарлығы мен еңбек­қорлығының арқа­сын­­да жоба жеңімпазы атанып, «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы Үйлестіру агенттігі тара­пы­нан қажетті қаржыға қол жет­­­к­ізді, ойдағы арманын іс­ке асы­­руға кірісті. Ол бұл қар­жыға Қы­тайдан 4 электр қондырғысын сатып алады. 

– Бүгінгі таңда 50-ден астам электромобиль мүге­дек жандарға еркін қатынасу мүмкіндігін беріп отыр, демек мен олардың 10 мың ша­­­қырым жолды қиналмай ба­ғын­дыруына мүмкіндік ту­ғыздым деген сөз. Әдетте, қара­пайым қоларбамен адамдар күніне 5-6 шақырым жүретінін ескерсек, күніне 30 шақырымды сағатына 22 шақырым жылдам­дықпен жүрудің қандай жетістік екенін білсеңіздер ғой! Электрлі жетек, яғни электромобиль біз­ге бұрын мүмкін болмаған ке­дер­гілерді бағындыруға жол аш­ты. Бірақ ең маңыздысы жыл­дамдық емес, біз сияқты ар­баға таңылған жандардың төрт бөлменің ортасында қамалып отырмай, далаға өз бетінше шы­ғып серуендеп жүруі. Өзге қатарластары сынды қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болудың өзі бір бақыт. Біз де қоғам­­­ның толық мүшесі ретінде жұмысқа араласып, елі­міз­дің болашағы үшін ең­бек еткіміз келеді. Ұлы Абай­дың «Сен де бір кірпіш дү­ниеге, кетігін тап та, бар қа­лан» деп айтқанындай, мен де өз еңбегім арқылы қоғамның дамуына үлесімді қоссам деймін» деп ойымен бөлісті Нұрболат Қа­ра­басов. Нұрболаттың алдағы мақсаты − жобаны еліміздің барлық қала­ларында іске асырып, қо­ларба қолданушыларға жолдағы кедергілерді жою және тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету. 

Нұрболаттың жүрегінде үміт отын жағып, оның өмірге қай­та оралуына, қоғамның бір мүшесіне айналуына себеп болған «Zhasproject» жобасына қысқаша тоқталып кетейік. Аталған жастар корпусын дамыту жобасы – Халықаралық қайта құру және даму банкінің және Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Үйлестіру агенттігі жобаны 2017-2020 жылдар аралығында жүзеге асы­­­руды жоспарлап отыр. Өт­кен жылдары еліміздің 4 ай­мағын Оңтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қарағанды жә­не Алматы облыстарын қам­­­тыған жоба 589 жобаға қар­жы алыпты. Осылайша

2 мыңға тарта жас азамат өз­­дерінің әлеуметтік жоба­ларын жүзеге асыруға мүм­­кіндік алған. Биылдың өзінде «Zhasproject» Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Шы­ғыс және Солтүстік Қа­зақ­­стан облыстарындағы мың­нан астам жастың кеудесінде үміт отын жақты. Нұрболат Қарабасов сынды тағдырдан соққы алса да өмірге деген құштарлығы көпшілікке үлгі болатын жастарды қолдайтын жобалар көп болса дейсің мұндайда. 

Аслан ҚАНҒОЖИН,

журналист