Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Архив ісін дамытудың жаңа кезеңі

1358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Ұлттық архив қоры және архив туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толуына орай «Архивті цифрландыру: дамудың жаңа траекториясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын аясында архив құжаттарын сақтаудың тұжырымдамалық негіздері мен оларды есепке алу, қалыптастыру, сондай-ақ цифрландырылған жеке қор құрудың жекелеген негіздері талқыланды.

Архив ісін дамытудың жаңа кезеңі

Конференция жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Пар­ламент депутаттары, еліміз­дегі жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қа­тыс­ты. Жиынды ашқан Арыс­танбек Мұхамедиұлы Елбасы бастамасымен жүргізіліп жат­қан «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында «Электронды құжаттардың бір­ыңғай архиві» ақпараттық жүйесін құру және енгізу бойын­ша атқарылып жатқан жұ­мыстардың ауқымдылығына тоқ­талды. «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрландыруды Қазақстанның Үшінші жаңғыруының арқауы деп атап, цифрлы технологияға көшу туралы нақты нұсқаулар берді.

Бүгінде Қазақстан архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшіп отыр. Архивтік құжаттарды сан­дық жеткізгіштерге аудару, ғы­лыми-анықтамалық аппарат пен архив қорларының автомат­тан­дырылған дерекқорын құру ақпарат сапасын жоғалтпай ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік орган­дар­да «Электронды құжат­тар қоймасы» сервистік бағдар­ла­малық өнімі енгізіліп жатыр. Бұл электронды құжаттардың үлкен көлемін сақтауға және басқаруға арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешен», деген министр архив саласының қызметкерлерін Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры мен архив туралы» Заңының қабылданғанына жиырма жыл толуымен құттықтады.

Ұлттық архив қорындағы құ­жат­тарды жинақтау, тізімге алу, сақтау және пайдалану сын­ды архив қызметінің негізгі ба­ғыттарын атап өткен Ұлттық архив директоры Жангелді Ма­хашов электронды құжат айналымына толық көшудің оңтайлы тұстары туралы баяндады.

– Ұлттық архивте мәдени, сая­си және өнер қайраткерлеріне тиесілі 6 мыңға жуық сақтау бірлігінен тұратын жеке тектік құ­жаттар сақтаулы. Цифрлы көшірмелер қағаз түпнұсқаның ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан құжаттық архив мұрасын жаппай цифрландыру көптеген зерттеушілерге – жергілікті өлкетанушыларға, тарихшыларға, журналистерге жұмыс істеуге ыңғайлы. Желілік технологиялар арқасында құжат қоғамға қолжетімді болады, – деді архив директоры.

Директордың айтуынша, Мәде­ниет және спорт министр­лігінің бастамасымен 2014 жылдан бері мемлекеттік органдарда құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Архив ісі бойынша алыс және жақын шет мемлекеттермен 12 халықаралық келісімшартқа, 3 меморандумға қол жеткізілген. 

Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция шең­берінде архив мекемелері қызметінің бас­ты бағыттары бойынша пікір­талас жүргізіліп, сақтау қо­рынан алынған тарихи маңызы зор мемлекеттік құжаттардың көрмесі өтті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 40-қа тарта үздік қызметкерді Қазақстанның архив саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін марапаттады.

Айта кетейік, Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық архиві 11 жылдан бері Халықаралық Архивтер Кеңесінің Еуроазиялық өңірлік бөлімшесінің мүшесі. Рес­публикада барлығы 219 мем­лекеттік архивте 3 185 қызмет­кер жұмыс атқарады. Бұл архив­терде 24 миллион сақтау бір­лік­тері бар. 760 киноқұжат, 4 957 бірлік фотоқұжат, 981 фо­ноқұжат бар. Бүгінге дейін 39 340 сақтау бірліктері цифрландырылды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше