Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Партияның әлеуетін арттыру ісі жалғаса береді

389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының алғаш рет ұйымдастырылған республикалық форумының қорытынды жиыны өтті. Іс-шарада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасының құттықтау сөзін оқып берді. Форумда Бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы мақұлданып, алдағы басым бағыттар анықталды.

Партияның әлеуетін арттыру ісі жалғаса береді

Елбасы өзінің құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі белесіне орай өткізіліп отырған Бастауыш партия ұйымдары І форумының ашылуымен құттықтап, бұл айтулы оқиға партияның ең бас­ты ресурсы оның мүшелері, яғни Отанымыздың дамуына, өркендеп, гүлдене түсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан қоғамның ең белсенді әрі жауапты өкілдері екенін көрсететінін атап өткен.

«Бүгінде біздің алдымызда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қа­білетті 30 мемлекеттің қа­тарына енгізетін жаңа даму моделін қалыптастыру міндеті тұр. Мен биылғы Жолдауымда елі­міздің даму деңгейі әрбір азама­тымыздың әл-ауқатымен өлше­нетінін атап өттім. «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге әр қазақстандықтың мемлекеттің әлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін партиямыздың өзі де жетіліп, заманауи үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделгені жөн», делінген Мемлекет бас­шысының құттықтау хатында.

Сондай-ақ партия Төрағасы Сая­си кеңестің биылғы маусым айындағы кеңейтілген отырысында партияның жүйелі жаңғыру үдерісі басталғанына және оның басты бағыттарының бірі – бастауыш партия ұйым­дарының жұмысын жандандыру екеніне назар аударған.

«Бүгінгі басқосу партия қызметіне тың серпін беріп, жұ­мыс тәсілдерін жетілдіру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Тәжірибесі мол жергілікті саяси көшбасшылар жетекшілік етіп отырған бастауыш партия ұйымдары – кадрлық резервті қалыптастырудың негізгі көзі. Олар сондай-ақ азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық орнатудың да маңызды буыны болуы тиіс. Партиямыздың алдында тұрған жаңғыру үдерісін табысты жүзеге асыру – сіздердің күш-жігерлеріңізге тікелей байланыс­ты. Баршаңызға ел игілігі мен халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында жаңа жетістіктер тілеймін», – делінген Елбасының құттықтауында.

Жиында аталған форум пар­тияның 20 жылдығына арналған шаралардың басы екені де айтылды.

– Өздеріңізге белгілі, келесі жылы партиямыздың мерейтойын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде біздің партиямыз еліміздегі же­текші саяси ұйым ретінде қалып­тасу жолынан сүрінбей өтті. Пар­тия негізі қаланған күннен бастап экономикалық, әлеуметтік және саяси саладағы Елбасы сая­сатының басты әрі негізгі орындау­шысы болып келеді. Содан бері біз барша қазақстандықтарды Пре­зидент реформаларын қолдау­ға жұмылдырып, ауқымды жұ­мыстарды атқардық деп айтуға то­лық негіз бар. Бұл істе бастауыш ұйымдарымыздың маңызы зор, – деді М.Әшімбаев.

Бүгінде «Нұр Отанның» 17 аймақтық және 230 аумақтық филиалы мен 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар.

«Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп беру мақсатында Елбасы нақты мақсат-міндеттерді айқындап бергенін, оларды нәти­желі жүзеге асыру үшін алды­мен партияның өзі ХХІ ғасыр­дың барлық талаптарына сай, тиімді, жоғары технологиялы, ин­новацияға бейім, бәсекеге қабі­летті саяси ұйым болуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ ол осы мақсатта қолға алынған партия қызметін жаңғырту бастамасының алғашқы нәтижелеріне назар ау­дарды. Өткен маусым айын­да бастау алған партиялық жаң­ғыру аясында бүгінде елімізде жастарымыздың бағдарламалау, робот техникасы, 3D-модельдеу негіз­дерін жетік меңгеріп, осы сала­да терең білім алуына мүм­кіндік беретін 761 ІТ-сынып ашы­лып, онда 22 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Одан бөлек, партияның бастамасымен еліміз бойынша 24 ІТ-орталық ашылып, онда 1600-ден астам азамат жаңа технологиялар бойынша білім алды. Басқа партиялық жобалар бойынша да айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, ел көлемінде мектеп жанындағы 47 спорт алаңы жаңартылып, қайта жаб­дықталды. Кітапханалар база­сында 120-ға жуық заманауи бі­лім орталығы ашылды. Соның ішін­де ауылдық жерлердегі кітап­хана­ларды да ерекше атап өткен жөн. 

– Бұл жобалардың бәрі – Ел­басымыздың интеллектуалды, дені сау және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы игі бастамаларының лайықты жал­ғасы және ажырамас бір бөлігі, – деді М.Әшімбаев.

Партия Төрағасының бірін­ші орынбасары ұйымның Орта­лық аппараты мен барлық филиал­дарының және бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған басым бағыттарға тоқталып өтті.

– Біріншіден, Елбасы Жол­дауы­ның стратегиялық маңызын ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы оның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналуы тиіс. Осы бағытта қоғамдық бақылау жұмыстарын күшейтіп, оның мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізуде белсенді әрекет етуіміз керек. Екіншіден, партияның кадрлық әлеуетін арттыру үшін бастауыш ұйымдардың белсенді мүшелері мен көшбасшыларының біліктілігін молынан пайдалануымыз керек. Партияның кадрлық резервін қалыптастыруда осы мәселені міндетті түрде ескерген жөн. Үшіншіден, бастауыш ұйымдарымыздың халықпен жұ­мыс тиімділігін одан әрі арттыру қажет. Ол үшін жетекшілердің өздері саяси тәжірибеге бай, идеология, менеджмент, психология сияқты салаларда сауатты болуы тиіс. Төртіншіден, бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейту керек. Бесіншіден, партия жұмысында цифрлы технологияларды кеңінен қолданып, «Цифрлы партия» жобасын жү­зеге асыруда белсенді әрекет етуге тиіспіз. Алтыншыдан, бел­сен­ді азаматтар мен жастарды жұмылдыру арқылы партия жұмысын күшейтудің маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ерекше атап өтер жайт, Елба­сы – партия Төрағасының бастамасымен бұдан былай бастауыш партия ұйымдарының форумы дәстүрге айналып, екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болды. Бұл партия жұмысына қатысты кез келген мәселені талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін жаңа алаң болмақ.

Барлық ұсыныстар жиын ке­зін­де қатысушылар тарапынан қол­дау тапқан Бастауыш партия ұйым­дарының қызметін жандан­дыру тұжырымдамасында ескері­летін болады. Аталған құжатта бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру, сапалы партиялық актив пен кәсіби кадрлық резерв қалыптастыру, өзекті мәселелерді анықтау технологиялары мен оларды шешудің тиімді тетіктері, цифрлы технологиялар мен ақ­параттық-коммуникациялық жұ­мысты жандандыру және бас­тауыш ұйымдардың басқару жү­йесінде жаңа жұмыс форматтарын енгізудің ұтымды жолдары айқын көрсетілген.

Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымдары» респуб­ли­ка­лық бай­қауының жеңім­паз­дары мен жүлдегерлері марапатталды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»