Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Қ. Тоқаев халықаралық кездесулер өткізді

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомураны қабылдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. 

Қ. Тоқаев халықаралық кездесулер өткізді

Қ.Тоқаев Н.Шимомураны БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметінің 25 жылдығымен құттықтады. Сенат Төрағасы БҰҰ-ның жұмысына қатысу қазақстандық дипломатияның басым бағыты екенін, өйткені ол Қазақстанда әмбебап әрі баламасыз әлемдік ұйым ретінде қарастырылатынын айтты. Әлеуметтік-экономикалық дамуға зор үлесі мен реформаларды қолдағаны үшін біздің елімізде БҰҰ-ны құрмет тұтады.

БҰҰ реформаларының маңызы туралы айта келіп, Қ.Тоқаев Қазақстан Бас хатшы А.Гутерриштің тиісті бастамалары мен шешімдерін қолдайтынын, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының «БҰҰ жүйесі аясында даму мақсатында жедел қызмет саласындағы саясатты жан-жақты төрт жылдық шолу тұрғысында БҰҰ даму жүйесін қайта бағдарлау» қарарына дауыс беру кезінде көрініс тапқанын атап өтті.

Жүздесушілер БҰҰ-ның Қазақстандағы орнықты даму мақсаттарын іске асыру тақырыбын да қозғады. Сенат Төрағасы біздің еліміздегі барлық құжаттар Орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетінін, атап айтқанда Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Қазақстан-2050» Стратегиясы Орнықты даму мақсаттарын толықтыратынын еске салды.

Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяоны оның өтініші бойынша қабылдай отырып, Сенат басшысы оның Қазақстандағы миссиясының нәтижелі әрі табысты басталуымен құттықтады.

Қ.Тоқаев бүгінде стратегиялық әріптестік сипатына көтерілген  Қазақстан мен Қытай қатынастарының қарқынды дамуына ризашылық білдірді, ол екі елдің мемлекет басшыларының еңбегі екені аталып өтілді. Оның пікірінше, «Екі көрші мемлекеттің көптарапты ынтымақтастығы мен  өзара табысты іс-қимылын дамытуда олардың сенімді үнқатысулары басты рөл атқарады».

Жоғарғы Палатаның басшысы Қазақстандағы реформаларды, біздің халықаралық аренадағы, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамаларды қолдағаны үшін Қытайға алғыс айтты, сондай-ақ АӨСШК және ШЫҰ аясындағы нәтижелі ынтымақтастықты ризашылықпен атап өтті. 

Қ.Тоқаев қытайлық «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы аясындағы өзара іс-қимылдың ерекше маңызына тоқталды. Сенат Төрағасы оны іске асыруға 60-қа жуық елдер қосылып отырғанын, бұл әлемдік сауда мен жалпы экономикада жаңа өсу нүктелерінің қалыптасуына мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, Ұлы Жібек жолы  стратегиясын іске асыруда Қазақстан шешуші рөл атқаратын болады, бұл өзара тиімді байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Сенат Төрағасы ХӨБЖ Тұрақты Комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшудың Қазақстанға ресми сапармен келуі күтіліп отырғанын айтты.

Қытай дипломаты ХӨБЖ-ның Қазақстан Парламентімен ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін жеткізді. Чжан Сяо сондай-ақ Қазақстан Президентінің таяудағы Жолдауын ерекше маңызды құжат ретінде бағалады. Елшінің айтуынша, Қытайда Қазақстанға және оның халқына зор ықылас білдіреді, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты шынайы құрмет  тұтады және сондықтан қазақстандық реформаларды жан-жақты қолдау саясаты, экономикалық және мәдени байланыстарды өрістету жалғасын табуда. Елбасының алдағы жылды Қазақстандағы Жастар жылы деп жариялауына байланысты өзара табысты іс-қимылдың қосымша мүмкіндіктері пайда болуы ықтимал.

Елші 2019 жылы гуманитарлық саладағы, атап айтқанда жастар байланыстары аясындағы ынтымақтастықты күшейтуге болар еді, деп санайды. Қ.Тоқаев бұл ұсынысты оң бағалады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше