Өнер • 16 Қараша, 2018

Алматыда белгілі сахна суретшісі Мұрат Сапаровтың көрмесі өтті

837 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында сценограф, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Мұрат Сапаровтың «Уақыт және кеңістік философиясы» атты шығармашылық есеп беру көрмесі  өтті. 

Алматыда белгілі сахна суретшісі Мұрат Сапаровтың көрмесі өтті

Театрдың тұтас фойесіне тақырып бойынша тізбектеле ілінген суреттер, эскиздер және сахналық костюмдерден тұратын көрмені КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті театр суретшісі Есенгелді Тұяқов ашып, Мұрат Сапаровтың сахна өнеріне сіңіріп келе жатқан еңбегін әр қырынан атап өтті.

Суретші Мұрат Сапаров саналы ғұмырын қазақ театр өнеріне, сахнаға декорация қою ісіне арнап келеді. Өз ісін жетік меңгерген жас маман алғашқы еңбек жолын Алматы Неміс театрында сценограф болып бастады. Онда «Пингвины в Африке» (ертегі), Украина режиссері Олександр Ирванецтің «Брехун», Андрей Критенконың «Norway.Today» психологиялық клоунадасы (Германия) секілді әр мазмұндағы спектакльдермен сәтті қадам жасады.

Сценограф, суретші 2002 жылдан бері М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етеді. М.Сапаров бүгінгі күні театрда жүріп жатқан 40-қа жуық спектакльдің сахналық шешімін табуға режиссерлермен бірге тең күш салып келеді. Алайда көп жағдайда суретшінің еңбегі назардан тыс қалып жатады. «Көзге көрінбейтін» жұмыспен айналысса да, спектакль жетістігінің кілті суретшінің қолында. Себебі ол безендірген сахна спектакльдің «төлқұжаты». Шымылдық ашылғаннан кейін көрермен ең алдымен сахнаны – декорацияны көреді. Дарынды сценографтың қолымен дайындалған декорация тілсіз болғанымен, «сөйлеп» тұрады. Сондықтан кейіпкердің әрекетіне жан беріп, сахнаны қозғалысқа келтіретін суретші – спектакльдегі ең басты адам. Мұрат Сапаров қарашаңырақ театрдың сахнасын 18 жылдан бері ерекше қолтаңбасымен әрлеп келеді.

Театр сахнасында ол «Апат», (Апокалипсис авт. И.Вовнянко. реж. Ә.Рахимов), «Ақын. Періште. Махаббат» ( авт. Ә. Тарази, реж. Ә. Рахимов), «Сыған серенадасы» (авт. И. Сапарбай, реж. Е. Обаев, Т. Аралбай), «Қара кемпір»( авт. Ә. Әмзеұлы, реж. Е. Обаев), «Актриса» (авт. Д. Исабеков. реж. Н. Жұманиязов), «Күнәһар» - «Ай тұтылған түн» (авт. М. Кәрім. реж. О.Кенебаев), «Күзгі романс» (авт. С. Асылбекұлы. реж. Ә. Рахимов), «Құдалар» (авт. Е.Уахитов. реж. Ә. Рахимов), «Бәкей қыз» (авт. Т. Мәмесейітов. реж. Ә.Рахимов), «Қожанасыр тірі екен» (авт. Т. Нұрмағамбетов, реж. О. Кенебаев), «Еңлік – Кебек» (авт. М. Әуезов. реж. Х. Әмір – Темір), «Шырақ жанған түн» (авт. Н. Оразалин, реж. Н. Жақыпбай), «Қыз мұңы»(авт. И. Сапарбай. реж. Е. Обаев, Т. Аралбай), «Сағыныш пен Елес» (авт. С. Балғабаев, реж. Ә. Рахимов), «Шәкәрім» (автор және реж. Ә. Рахимов), «Мен ішпеген у бар ма?» (авт. Иран Ғайып. реж. О.Кенебаев), «Жүз жылдық махаббат» (авт. Д. Исабеков. реж. А. Кәкішева), «Бақыт кілті» (авт. Қ. Мұрат. реж. Е. Обаев), «Адасқақ» (авт. Асқар Сүлейменов, реж. Ә.Рахимов), А. Боранбайдың «ТТТ» театрында «Сюрприз» (авт. Олег Антонов, реж. Есләм Нұртазин) спектакльдерінде көркем ізденісімен көрермен талғамынан шығып, халқының қошеметіне ие болып, уақыт тарапынан жоғары бағасын алып отыр.  Театр өнеріне шын жүрегімен берілген суретшінің қойылымдары философиялық ой тереңдігімен, уақыттың талабына сай көркемдік-эстетикалық ізденістерімен бағалы.

Айға жуық жүретін көрме соңы конференция жұмысымен жалғасын тауып, суретші М.Сапаров студенттердің, театр көрермендерінің сценография, декорация, заманауи безендіру ісіне байланысты бірқатар сауалдарына жауап берді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше