Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Зайсан ауданында өткен ғылыми конференция кезінде қазақ жылқысының тарихын індете зерттеп жүрген ғалым, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры Ахмет Тоқтабай осындай ақпаратты сүйіншілей жеткізді. Этнограф биыл жазда Моңғолияға экспедициямен барғанда сондағы әріптестерінен Абылай ханның Жоңғар қоңтайшысы Галдан Цереннің тұтқынына түскен шақтағы болған жерін естіп, білген екен. 

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

«Бұл жер Баян Өлгейден 300 шақырым қашықтықта. Бірақ таба алмай қайттық. Себебі, мұны білетін, көрсететін моңғолдың шалы Ұлан Батырға кетіп қалыпты. Дегенмен алғашқы қадам жасалды. Келешекте 1741 жылы Абылай хан тұтқында болған жұртты табамыз ғой деп ойлаймын», - дейді этнограф.

Ахмет Тоқтабай осы сапарында қазақтың даңқты батырларына қатысты деректерді де жинап қайтыпты. Моңғолиядағы жоңғардан қалған зағшын, дүрбіт, торғауыт тайпаларының ақсақалдарымен сөйлескенде олардың арасында Қабанбай батыр есімі көбірек айтылатынына, қолбасшының мейірімділігі, қалмақтың тұтқындарына бостандық бергені, әсіресе тұтқынға түскен адамдарды жәбірлемегені жиі тілге тиек етілетінін байқапты. Қабан деген сөз моңғол тілінде бас қолбасшы деген ұғымды білдіреді екен. «Жалпы, тарихи қайраткерге екінші атауды басқа халық береді. Осындай фактілер маңызды. Ежелгі жауларымыздың берген бағаларын да есепке алуымыз керек», - дейді тарихшы.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше