Аймақтар • 17 Қараша, 2018

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

896 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысында тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың VIII форумы өтті. «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» атты жиынға Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

Еліміздің Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Батыс Қазақстан облысын «Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан бес қабілетті өңірдің бірі» деп бағалады.

- Ақ Жайық өңірінде әсіресе өндірістік және аграрлық кешен жақсы дамуда. Батыс Қазақстан облысы – еуропалық құндылықтар қалыптасқан өңір. Мұнда өз ой-пікірін ашық айта алатын, жарқын болашаққа сеніммен қарайтын халық тұрады деп білемін. Орал қаласы – тың ойлар мен жобалардың алдыңғы легінен табылатын шаһар. Бұл өңірдегі азаматтық ұғым да өндіріс немесе бизнес саласы секілді жақсы жетілген. Бұлардың барлығы Елбасымыздың саясаты мен осы жердегі билік пен халықтың жұмыла атқарған еңбегі деп білемін. Алдағы уақытта да бұл өңір өз даму қарқынын баяулатпай, ел экономикасына сүбелі үлес қосады деген ойдамын, - деді өз сөзінде Қоғамдық даму министрі.

Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастырудың барлық алғышарты бар. Республика бойынша 22 мыңнан астам қоғамдық ұйым тіркеуден өткен. Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында 717-ден астам ұйым бар екен. Алайда базаға тіркелген заңды тұлғалардың біразында жүйелі жұмыс жоқ. Министр қағаз жүзінде ғана тұрған мұндай ұйымдардың санын азайтып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтып өтті. «Аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде үкіметтік емес сектордың үлесін арттыру қажет» - министрдің пікірі осы.

– Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін терең түсініп, жоғары бағалап отыр. Және оларға ерекше көңіл аударып, үнемі қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мемлекет, үкіметтік емес сектор және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жаңартылған тәсілдері керек деп атап өтті. VIІ Азаматтық форумдағы ұсыныстарды іске асыруда қажетті шешімдер қабылданып, облыстағы мемлекеттік құрылымдар және азаматтық қоғам институттары арасында іскерлік әріптестік қатынасты нығайту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың қатары жыл сайын артып келеді. Мемлекет тарапынан да азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді жұмыс тұрақты жүргізілуде. Мысалы облыста мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс көлемі соңғы алты жылда 6 есеге өсті. Егер 2012 жылы 138 млн. теңге бөлініп, 120 жоба жүзеге асырылса, биыл 834 млн. теңге қаржыға 200-дей жоба орындалып жатыр. Өңірде үкіметтік емес ұйымдар саны да артып келеді. 2008 жылы мұндай ұйым саны – 150 болса, қазір олар 655-ке жетті, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов өз сөзінде.

Батыс Қазақстан облысында бүгінде саяси партиялардың 6 филиалы, 50 этномәдени орталық, 15 кәсіподақ ұйымы бар. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 14 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес мүшелерінің 77 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері. Қоғамдық ұйымдар биыл Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру, діни істер және денсаулық сақтау басқармасы секілді алты құрылымның жалпы сомасы 834 млн. теңге болатын 198 жобасын жүзеге асырып жатыр.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ арасында азаматтық қоғам институттарын дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы азаматтық бастамалар мен үшінші секторды дамытуға қосқан үлесі үшін» бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік мүшелері министрліктің және облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталды. Соның ішінде «Нұр» балалар үйі мен мектеп-интернаттары түлектерінің Батыс Қазақстан одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Геннадий Франк, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов, «БҚО Азаматтық Альянс» ЗТБ президенті Меруерт Санкаева, Батыс Қазақстан облыстық «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев министрдің алғыс хатына, «Нагиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдыздары» жеке қорының төрайымы Светлана Тенишева, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова, «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хадиша Мұқанова, Теректі ауданындағы «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Гүлмира Төлегенова Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатына ие болды.

Түстен кейін форум жұмысы «Әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көздері», «Азаматтық қоғам және мемлекет: әлеуметтік бастамаларды тиімді іске асыру жолдары», «Қоғамның әлеуметтік мәселесін шешудегі ҮЕҰ рөлі» тақырыбындағы секция отырыстарына жалғасты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше