Аймақтар • 18 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Қозыбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

702 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дәстүрлі шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, «Еуразиялық әлеует және жахандық сын-қатерлер жағдайындағы жаңа даму  мүмкіндіктер» деген тақырыпқа арналды.

 Солтүстік Қазақстанда «Қозыбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет конференцияға қатысушыларға аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізіп, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан тұлғаның зайыбы  Сара Қозыбаева мен республикалық ұлттық музей директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетовті құрмет грамотамен марапаттады.

Алқалы бас қосуда «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдығұл Шанбай, Л. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Тілеген Садықов, Челябі мемлекеттік университетінің профессоры, «Аркаим»  тарихи-мәдени қорығы директорының орынбасары Геннадий Зданович, Каунас технологиялық университетінің профессоры Саулюс Нефас, тағы басқалары «М. Қозыбаев археология саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бастауында», «Академик Манаш Қозыбаев және тарих ғылымы философиясы», «Солтүстік Қазақстан өңірінің топонимиялық кеңістігін зерттеудің тарихи-географиялық астарлары», «М. Қозыбаев және  Қазақстандағы рухани жаңғыру мәселелері», сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі қоғамдық , гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық, ауыл шаруашылық ғылымдарының проблемалары туралы баяндамалар тыңдалды. Әлеуметтік және экономикалық бәсекеге қабілетті  ғылымның рөліне, елдер арасындағы тарихи байланыстар мен сабақтастыққа назар аударылды.

Конференцияда  «Манаштану мәселелері»  атты көптомдық басылымның екі кітабының таныстырылымы өтті.

«Университет жанында  М. Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы 2015 жылдан жұмыс істеп келеді.  Оның қызметкерлері, жас ғалымдар мен зерттеушілер қазақ тарихының тарланбозы жайлы ғылыми жинақ құрастырып шықты», дейді  жергілікті ғалым Зарқын Тайшыбай.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы