Аймақтар • 19 Қараша, 2018

Бітіруші түлектер мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасады

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда ҚР Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында аймақтық жоғары оқу орындарында мансап орталықтарын ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға байланысты баспасөз брифингін өткізді.

Бітіруші түлектер мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасады

Мансап орталықтарын ұйымдастыру жобасы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің eңбек заңнамасы, адам капиталын дамыту және шетелдік жұмыс күшін жұмылдыру жөніндегі бірлескен жұмыс тобы жоспары аясында жүзеге асуда. Қазіргі кезде аймақтық жоғары оқу орындарындағы мансап орталықтарын ұйымдастыруға бағытталған ең үздік тәжірибелерді қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның мақсаты  аймақтық жоғары оқу орындары түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекелестігін арттыру болып табылады.

Жоба аясында жетекші жоғары оқу орны – KIMEP негізінде өткен тренинг-семинарда мансап орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз етудегі мәселелер талқыланды. Семинарға  С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Е. Бөкетов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өкілдері қатысты.

KIMEP Оқу ісі жөніндегі проректоры доктор Гилберт Линне студенттерді нарық жағдайында жұмысқа орналастыруда мансап орталықтарының жауапкершілігі жоғары екендігіне тоқталды. Ал жаһандық деңгейде ойлай білетін, замануи әлемдік сұраныстарға дайын маман болып шығу студенттің өзіндік ізденісі мен талабына байланысты.  

KIMEP университетінің Мансап және жұмыспен қамту қызметінің жетекшісі Меруерт Адайбекованың айтуынша, жоғары оқу орындары өз студенттеріне еңбек нарығында қажетті мамандықтарды игеруге мүмкіндік беретін болса, мансап орталықтары оқу орны мен жұмыс беруші арасындағы басты дәнекер болып табылады.  Осы орайда жиырма жылдан астам тәжірибесі бар KIMEP мансап орталығы студенттермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, студенттердің 45 пайыздан астамы оқи жүріп жұмысқа орналасса, 40 пайызға жуығы оқу бітіргеннен кейін, ал өзгелері 3-6 ай аралығында жұмысқа орналасқан.

«Филип Моррис Қазақстан» ЖШС ұйымдық даму жөніндегі менеджері Татьяна Ковзалова аталған компанияда студенттерге ақы төленетін тағылымдама бағдарламалары қарастырылғандығын жеткізді. Мұндай шаралар студенттерге өздерін нақты жобаларда сынап, әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындарының мансап орталықтары арқылы тығыз байланыста болуы еліміздің барлық аймақтарында қолданысқа енуі тиіс.

Семинар барысында мансап қызметіне жалпы шолу жасалып,  студенттер және түлектермен жүргізілетін жұмыс, серіктес компаниялармен ынтымақтастық орнату, студенттердің қабілеттерін дамытуды көздейтін тренингтер, семинарлар, бизнес-ойындарды ұйымдастыру, бос орындар жәрмеңкесі сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше