Қазақстан • 19 Қараша, 2018

Көкшетауда жылу ақысы арзандайды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған міндеттер жүзеге асырыла бастады. Желтоқсан айынан бастап жылу беру қызметінің тарифтері 37 процентке арзандамақ.

Көкшетауда жылу ақысы арзандайды

Қаланың басым бөлігін жылумен қамтып отырған «Көкшетау жылу» компаниясы тұтынушыларға біршама жеңілдетілген тариф ұсынып отыр. Бұл жаңалықты естіп құлақтанған қала тұрғындары Елбасы Жолдауының шарапатын сезінді. Алдағы уақытта жылу өлшеуіш құрылғылары бар жеке тұлғалар 1 гигакаллорий үшін бұрынғы 2101 теңгенің орнына 1329 теңге төлейтін болады. Айырмасы айта қаларлықтай. Ал, мұндай құрылғылары жоқ қала тұрғындары үшін де бұрынғы төлем мөлшері төмендейді. Яғни, бұрын орта есеппен төлемақы орта есеппен 4520 теңгені құраса, бұдан былай 2858 теңгеге дейін арзандамақ.

–Заңды тұлғалар үшін жылу өлшегіш құрылғысы бойынша тариф көлемі 5244 теңгеден 3316 теңгеге дейін төмендейді. Бұл дегеніңіз 36,7 процентке арзан,–дейді табиғи монополияларды реттеу комитеті Ақмола облыстық департаменті басшысының орынбасары Әсет Құрашев,–ал, құрылғы орнатпаған заңды тұлғалар үшін жылу бағасы 9395 теңгеден 5941 теңгеге дейін арзандайды. Міне, осылайша Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттер жүзеге асырылуда.

Жылумен бірге ыстық судың бағасы да арзандамақ. Өлшем құрылғысы бар тұрғындар 1 куб.метр ыстық су үшін 142 теңге, ал, құрылғы орнатпақ пәтер иелері 450 теңге төлемақы төлейді. Жаңа тарифтер үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанынан бастап қолданысқа енетін болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше