Президент • 20 Қараша, 2018

Сот жүйесін жаңғыртудың кешенді шаралары басталды

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Сот жүйесін жаңғыртудың кешенді шаралары басталды

Жиында сот жүйесін Қа­зақ­стан халқына арналған биыл­ғы Жолдауда көрсетілген ба­сым­дықтарға сәйкес одан әрі жаң­ғырту мәселелері талқыланды.

– Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен бара-бар. Осыған байланысты, «100 нақ­ты қадам» Ұлт жос­па­ры аясында маңызды жұмыс атқарылды. Сот жүйесін же­тіл­діру экономика­мызды жаң­ғыр­тудың және азаматтардың әлеу­мет­тік әл-ауқатын арттырудың ма­ңызды бөлігі саналады, – деді Елбасы.

Отырыста Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Ә.Исекешев, жоғарғы сот төрағасы Ж.Аса­нов және жоғары сот кеңесінің төра­ғасы Т.Донақов Мемлекет бас­­шы­сының тапсырмасымен құ­­рыл­ған Сот жүйесін жаңғыр­ту жө­­ніндегі жұмыс тобының ат­­қар­­ған жұ­мысының қорытын­ды­­лары жөнінде баяндама жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев сот жү­йесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті ша­ра­лар қабылдауды тапсырды. Осыған орай, сот жүктемесі соң­ғы үш жылда екі есе арт­қаны атап өтілді.

– Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шы­ғаруы керек. Осыдан кейін, әри­не, олардың сапасына қатысты сұ­рақ туындайды. Бұл істердің 30 пайызы сотта қарауды қажет ет­пейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елі­міз­де сот жүктемесін азайту, аза­маттық процесті же­ңіл­дету, сот ісін жүргізудің жыл­дамдығын арттырып, ашық­тығын қам­тамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

– Сот кадрларының сапасы, олардың мүлдем басқа әдіс­терді талап ететін заманауи эконо­микалық жағдайларға әзірлігі және бейімделуі – маңыз­ды мә­селе­лердің бірі. Құқықтық сауаты жоқ судьялар бізге реформа жүр­гізуге көмектесе алмайды. Су­дьялар құзыреттіліктің, адал­дық­­тың, әділеттілік пен әдепті­лік­тің үлгісі болуға тиіс, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев бү­гін­де судьяларды іріктеу тәртібі кү­шей­тілгенін атап өтті. Мә­селен, судья лауазымына 100 үміт­­кердің ішінен 5-еуі ғана сы­­нақтан өткен. Бұл шара сот жұмы­сына күрделі істерді қарас­­тыруға қабілетті әрі білік­тілігі жоғары заңгерлерді тарту үшін қабылданды. Мұн­дай мамандарға тиісті жағдай жасалып, лайықты жалақы белгіленеді. 

– Ант берген судьяларға айтарым, ант дегеніміз, жай ғана сөз емес. Өз іс-әрекеттеріңізде антты басшылыққа алуларыңыз керек. Судьялардың жалақысы мен оларды қамтамасыз ету мәселесі салық төлеушілер қаражаты есебінен шешіледі. Сондықтан судьялар тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заң бұз­ған судьяға ең қатал жаза қол­данылуы керек, – деді Ме­м­лекет басшысы.

Қазақстан Президенті кадр­­лық мәселелердің бәрін Жо­ғар­ғы соттан Жоғары сот кеңе­сіне беруді ұйғарды. Судья­­лар­дың мансаптық ілгері­­леуі қоғам тарапынан бағала­на­тын кәсіби біліктілігі мен адалды­ғына ғана байланысты болуға тиіс.

Елбасы сот кадрларын са­­па­лы тұрғыда жаңартуға бағыт­­­тал­ған заң жобасын әзір­леп, Пар­­ламенттің қа­рауы­на енгі­зуді тапсырды.

«Қазақстан Республи­ка­сының сот жүйесі және судья­ларының мәртебесі туралы» Консти­ту­циялық заңға сәйкес, 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткі­зіледі. Осыған орай, Нұрсұл­тан Назарбаев Жоғарғы сот пен Жоғары сот кеңесінің бас­шы­лы­ғына бұл мәселенің шына­йы­лығын қам­тамасыз етуді тапсырды.  

– Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жү­йесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз – тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Сот­тар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеу­­меттік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады. Сот құрамы судьялардың қан­шалықты адал қызмет етіп, се­німге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төре­лігі қоғамымыздың не­­гізгі мүд­десі мен еліміздің стра­­те­гиялық даму бағытына сай ке­леді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сот ісін жүргізуде және электронды сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды.

Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Прези­дент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орай­да, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сон­дай-ақ азаматтардың талабын қана­ғаттандыруға баса мән берілуі керек.