Алғашқысын шешу үшін күні кеше Мемлекет басшысы тарифтерді жаппай арзандатуды тапсырса, екінші мәселеге оңайлықпен шешім табылмайын деп тұр. «Тарифті қымбаттату арқылы жөндеу жұмыстарын жасаймыз» деген сылтау енді өтпейді.
Электр тарату нарығында бәсекелестік жоқ
Қазіргі таңда электр энергиясындағы тариф саясаты нарықтық заңдылықтарға қайшы, шағын және орта бизнестің өркендеуіне тосқауыл болып тұр. «Астана-Энергия» АҚ менеджері Күнзада Саттықованың айтуынша, бүгінде өзгертіліп жатқан тарифтер қағаздағы цифрларды манипуляциялаумен ғана шектеледі. Тарифті бекіту кезінде табиғи монополия субъектілерінің техникалық сараптамасы, шаруашылық қызметтердің талдауы жоқ. Нәтижесінде қолданыстағы тарифтер өзін-өзі ақтайтын болса да, бәрібір тариф кезекті рет көтеріледі.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік деңгейіне бақылау да жоқ. Соның нәтижесінде кей монополистердің асыра пайда табуы қазір қалыпты нәрсеге айналған.
Тариф қымбаттығының тағы бір себебі, энергия таратушы компаниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығы. «Ақырғы тұтынушыны энергиямен қамтамасыз ететін таратушы компаниялардың негізгі қожайындары табиғи монополиялар нысандарының басшылығы және таратушы компанияларды мемлекет бекітеді. Осыдан кейін бұл салада қайдан бәсекелестік болсын», дейді К.Саттықова.
Энергиямен қамтамасыз етуші ұйымдар стансамен тікелей келісімге отырып, халыққа өздерінің бағасын айтады. Бұл тұтынушыларға жалғыз ғана таңдау қалдырады. Мұның үлкен мысалы – «Астанаэнергосату» ЖШС. Бұл компания Астана қаласында электр тарататын жалғыз компания деуге болады. Бұл өз кезегінде Үкіметтің 2009 жылдың 3 сәуіріндегі №465 «Электр энергиясындағы нарықтық қатынастарды ары қарай жетілдіру тұжырымдамасы» Қаулысының негізгі мақсатына қайшы келеді. Бұл қаулының негізгі мақсаты электр энергиясы нарығындағы көтерме және бөлшек саудадағы бәсекелестік баға бекітудің ашықтығын қамтамасыз ету болатын.
Құнды қағаздар шығару арқылы дамытуға болады
Жалпы, энергия өндірудегі профициттің басты себебі өндірістегі құрылғылардың ескілігі екені жасырын емес. Мамандардың пікірінше, ескі құрылғыларды жаңартып, өндіріс қуаттылығын арттыру үшін құрылғыларды жөндеуге инвестиция тартуды инвесторларға тартымды ету керек.
Осы орайда, «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқарушы директоры Серік Түтебаев елдегі энергиямен қамту саласын тиімді жүйеге келтіру үшін электр энергиясына биржалық сауданы енгізу қажеттілігін атады. Яғни электр стансалары бәсекелестік ортаға шығарылып, энергия таратушы компаниялар энергияны сатып алу мен халыққа таратуда нарықтық жолмен жұмыс істеуі керек.
«Қазақстанның электр энергиясы қауымдастығы» басшысы Шаймерден Оразалинов та бұл тұрғыда энергетика нарығындағы компаниялардың құнды қағаздар шығарып, салаға мемлекеттің араласуын азайтып, электр энергиясының саудасында таза нарықтық жолды ұсынады. «Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша Қазақстан экономикасының нақты өсімі алдағы уақытта жылына 6-7 пайызды құрайтын болады. Демек, 2030 жылы Қазақстандағы электр энергиясына сұраныс 144,7 млрд КВт-ты құрайды. Бұл дегеніңіз қазіргіден 58 пайыз артық. Олай болса, салаға үлкен реформа керек», дейді қауымдастық басшысы.
Атап айтар болсақ, 2030 жылға дейін арнайы салалық бағдарлама қабылдап, онда электр өндіруші нысандардағы құрылғылардың тозу мәселесін шешудің баламалы жолын ұсынады. «Тозған құрылғыларды тарифті көтеру арқылы жөндеу мүмкін емес. Жаңа қаржыландыру көздерін іздеу керек. Мысалы, бағалы қағаздарды шығарып инвестиция тартуға болады», дейді маман.
Жаңа технология мен
оны білетін маман керек
1991-2016 жылдар аралығында Қазақстанның электр энергетикасын реформалау барысында ғылыми-техникалық мамандықтардың маңыздылығы ұмыт қалды. Жыл сайынғы реформа мен басшылықтағы адамдарды ауыстыру кезінде электр энергиясы саласындағы компаниялардың басшылығына инженерлер емес, саладан мүлде хабары жоқ топ-менеджерлер келді. Бүгінде саладағы кейбір келеңсіздіктердің бір себебі де осы «мамандардың» біліктіліктерінің төмендігінен көрінеді.
Жалпы, бұл саладағы мамандарды дайындауда құрылғы жасау, электр қуатын өндіру мен таратуда жоғары технологиялық машықтар керектігі жасырын емес. Ал соңғы кездегі автоматтандыру мен цифрлы өндіріске көшу кезінде жаңа технологияны білетін сала мамандарына сұраныс тіпті артатыны анық.
Сала мамандарының айтуынша, қазірден бастап энергетика саласына цифрлы технологияны енгізуге қажеттілік жоғары. Цифрлы қосалқы станса дегеніміз − электр энергиясын есептеу, тарату мен қорғауда бірыңғай ақпараттық желімен қамтамасыз етілген қосалқы стансалар. Мұндай жаңа технология энергияны тиімді тарату мен есептеуге және қауіпсіздікке кепілдік береді. Цифрлы қосалқы стансалар сонымен қатар монтаж бен реттеу жұмыстарын 50 пайызға, күтіп-ұстау шығындарын 15 пайызға азайтып, қашықтықтан 100 пайыз жедел қосылуға мүмкіндік беретін ақпаратты технологиямен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, цифрлы технологияны енгізгенде қосалқы стансалар максималды жұмыс істейді екен.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»